Бір кісідей атсалысайық

Отандастар! Жаңа Қазақстан үшін ең маңызды бастама – референдум өткізу. Құтты болсын дегім келеді. Себебі бұл күннің маңызы өте жоғары. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістерді енгізуге байланысты референдумды қолдап, қостанайлықтар ертемен келіп, дауыс беруде.
Мұндай жауапты күнде азаматтық міндетімді атқарып, қалалық №858 сайлау учаскесінде дауысымды беріп келдім. Қаланың тұрғындары, көбін танимын, көтеріңкі көңілде. Дауыс беруге бара жатқандар аз емес. Бір-бірімізбен амандасып, елімізге жақсылық тіледік.
Учаске өз уақытында ашылып, жауапты адамдар барлығын талаптарға сай ұйымдастыруда екен. Дауыс берушілер де өз легімен келіп, өз үлесін қосуда. Олар үшін барлық тиісті жағдайлар жасалған. Бүгінгі күніміздің ертеңгі тарихқа айналатыны белгілі. Себебі бұл өзгеріс біздің болашағымызды айқындайды. Осындай жауапты кезеңде әр адам өз үлесін қосуға міндетті деп ойлаймын.
Ата-бабамыздан қалған «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген дана сөз бар, болашағымыз жарқын болсын. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы айтқаны бар: "Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын". Өзімнің азаматтық міндетімді атқарып, дауыс бердім!
Қостанайлықтар да бір кісідей бірігіп, референдумға қатысып отырғанына сенемін. Алаш қозғалысының қайраткері Мыржақып Дулатовтың «…Бір халқыңның қамына. Қиянаттан бой тартып. Шық әділет жағына» деген ұлағатты сөзін қолдайық, ағайын.
Бауыржан Тибеев,
 Қостанай облыстық мәслихаттың депутаты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓