СЕНЕМІЗ БЕ, СЕНБЕЙМІЗ БЕ? немесе қисынсыз ақпараттың құдіреті

Олар – футболдан әлемнің 2014 жылғы  чемпионы, олар – айды бірінші бағындырып, ғарышкерін күнге қондырған тұңғыш мемлекет.  Ақылға сиымсыз тірліктерімен әлемді аузына қаратқан ел – Солтүстік Корея. Діні мен тілі, түрі бір болса да, екіге айрылған корей халқының  коммунизмді ұстанған жартысы жұмыр жер бетін мекен еткендерге әлі де таңдай қақтыртуда. Біздерге ерсі естілгенімен, халқы қалтқысыз сенетін ақпараттар елдің тұстастығын, бірлігін, күнкөсемдеріне деген сенімдерін одан әрі арттырмаса, кеміте қойған жоқ. Әлеуметтік тұрмысы  біреуден кем болар, бәлкім, артық шығар? Қалай десек те, мемлекеттік идеологиясы ерекше маңызға ие елдің ертеңіне деген сенімі  айқын. Халқы өздерін бахытты сезінеді. Ендеше, әлем бұл елге неге шүйлікті?  Алпауыт елдерге несі жақпады?солткорея
Бауырлас екі  елдің бір бөлігін екіншісіне еншілетіп, Таяу Шығыс пен Араб елдерін арпалыстырып қойған АҚШ бастаған коалиция Солтүстік Кореяға шүйлікті. Аты аталған ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына қарамастан, сутегі бомбасын сынақтан өткізіп, жер-жаһанға, адамзатқа қауіп төндірді. Қауіпті жарылғыш затын жарған елдің басшысы Ким Чен Ын бұл қадамын АҚШ бастаған зұлым елдерден сақтанудың амалы деп түсіндірді.
Әлемнің әр түпкіріндегі бүлікті басамыз, бейбітшілік орнатамыз деген желеумен, жалауын желбіретіп жүгіретін АҚШ-тың «мейірімділігінен» сақтанудың амалына жүгінген ел – жерасты жарылысын ұйымдастырды деген хабарды Солтүстік Кореяның Орталық телеграф агенттігі таратты. «АҚШ тарапынан қауіп төнуіне байланысты, біздің мемлекет ядролық қаруын одан әрі дамытады. Біздің армия елін жаудан сақтау үшін, сапа мен санға ерекше мән береді. Біздің қазіргі ұстанған революциялық  бағытымызды – біздің қолымыздағы ядролық қаруымыз толық кепілдендіреді» – делінген хабарламада.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жерасты жарылысы сәтті ұйымдастырылып, оң нәтижесін берген. Ядролық қаруды қолдануда Солтүстік Кореяның озық технологиялары пайдаланылыпты. Оңтүстіккореялық сарапшылардың пайымдауынша, ядролық қару Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ынның туған күніне орай сыналған болуы тиіс. Дей тұрғанмен, ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасарын әзірге ешбір жан тап басып айта алмауда.
Ресми Пхеньян сынақ жайында  хабар таратпас бұрын әр елдің сейсмологтары Солтүстік Корея жағынан жерасты дүмпуі сезілгенін хабарлаған болатын. Еуропалық мамандардың болжамынша, сілкініс Янгандо тауына жақын орналасқан Пхунгер сынақ алаңының маңайында болған. Батыс елдері сілкіністің қуаты 5,1 магнитуда десе, оңтүстіккореялықтар 4,3 деген сенімде. Сутекті жарылыс жердің бір шақырым астында болған.
Соғыс тактикасы мен ядролық қаруларды зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, Солтүстік Кореядағы жер сілкінісі жерасты жарылысының салдарына ұқсамайды. Термоядролық қарудың қуаты жер сілкінісін аталған көрсеткіштен екі есеге арттыруы тиіс. Қазіргі толқу – табиғи немесе мықты ядролық жарылыс болуы ықтимал. Қалай десек те, күн-көсемнің мәлімдемесі Оңтүстік Корея және Жапон, өзге де мемлекеттерді аяғынан тік тұрғызды. Біреулері мұны арандатушылық десе, енді бірі Ким Чен Ынның тағы бір сандырағы деп жатыр.
Сандырақ дейтін де жөні бар. Олай дейтініміз,  2014 жылғы футболдан әлем чемпионатында КХДР өздерінің (чемпионатқа іліге де алмай қалған) ұлттық командасын айтулы додадағы жеңісімен құттықтаған хабар таратқан еді. Орталық телеарналардан көрсетілген бейнебаянда корейлік аяқдопшылар қатысқан ойын үзінділері көрсетіліп, ұлттық құрамның топтық кезеңде Жапонияны (7:0); АҚШ (4:0), Қытай (2:0); 1/8 финалдық ойында Португалияны (7:0); төрттікте – Германия құрамасын (2:1); жартылай финалда Корей құрамасын (3:0) тізе бүктіріп, финалдық кездесуде Бразилияны 8:1 есебімен ойсырата жеңді деген хабар таратып, айды аспанға шығарған еді.
Ал, 2014 жылдың дәл осы мезгілінде 17 жастағы корейлік ғарышкер күнге қонды деген хабар елді елең еткізді. Солтүстік Кореялық мемлекеттік ақпарат агенттігі: «Ханг Ил Гонг есімді астронавт арнайы жасақталған ұшу аппаратының көмегімен, таңғы сағат үштер шамасында күн бетіне қонды. КХДР – әлемдегі күнді бағындырған алғашқы мемлекет. Біздің ғарышкер 4 сағатта күнге жетті, осыншама мерзімде кері қайтады. Осыдан кейін, оны көшбасшы Ким Чен Ын қабылдайды.   Біз өз ғарышкерімізді батыр есебінде қарсы аламыз», – деген хабарын тікелей эфирде таратқан. Ең қызығы, күнге күйіп қалмас үшін корейлік ғарышкер түнде ұшқан көрінеді. Әрине, ақпаратты әсірелеп жібергендер де бар шығар. Қалай десек те, Солтүстік Корея халқы бұған кәміл сенді. Батыр әрі бахытты сезінді өздерін. Күнкөсемдерінің құдіреттілігіне, ақыл, парасаттылығына тамсанып, ғалымдарының тапқырлығына, ғарышкерлерінің батылдығына таңдай қақты. Қандай болмасын, ақпараттық идеология –  діттеген мақсатында кәдеге жаратылды. Бәлкім, кешегі сутекті бомба да ақпараттық серпін болар? Оған тек солтүстік кореялықтар ғана сенеді, мақтанады. Ал, біз болсақ астарын аңғаруға асығамыз . . .
 
Жұматай Кәкімжанов
 
 

You may also like...

1 Response

  1. Шапағат айтты:

    Ойландырып тастайды екен. Жұматай мырза, жарайсыз! Жақсы мақала екен!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓