“Орысшасыз қабылданбайды”. Қандастың жобасы кері қайтарылған

Рудный қаласына Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз Талғат Ахметов "Құтты мекен" коммерциялық емес жекеменшік мекеме ашып, сырттан және елдің оңтүстік облыстарынан қоныс аударған ағайынға ақпараттық-құқықтық көмек көрсетуді ойлаған. Алайда оның құжаттарын облыстық Әділет департаменті орысша нұсқасы болмағандықтан қабылдамапты. Тауы шағылған қандастың бұл мәселесі туралы журналист, "Отандастар" қорының өкілі Нәзира Жәрімбетова Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.
Н.Жәрімбетованың айтуынша, Талғат Ахметов болашақ ұйымның қазақ тілінде өзі жазған Жарғысын тіркету үшін қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығына әкелген. Алайда жарғының қазақ тілімен қатар орыс тілінде де дайындалмағаны жоспарын іске асыруға кедергі болыпты. Нақ мұндай мәселе туындайтынын күтпеген қандасымыз мемлекеттік органға өкпесін айтып отыр.
"Конституциямызда қазақ тілінің мемлекеттік тіл екені айтылған. 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151 "Тіл туралы" заңның 4-бабында: "Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі" деп жазылған. Орыс тілі қазақ тілімен бірдей жүретін болса, онда қазақ тіліне неге мемлекеттік тіл деп басымдық беріледі? Неге құжат тек мемлекеттік тілде қабылданбайды? Атамекенге ашыққаннан емес, ана тіліміз үшін асығып едік!" — дейді Талғат Ахметов.
Ол осы заңнамаларға сүйене отырып, өз ұстанымын облыстық Әділет департаментінің бастығына жолдаған. Департаменттен келген жауапта "Заңды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңңың 6-бабына сәйкес, заңды тұлғаның жарғысы қазақ және орыс тілерінде дайындалуы керектігі айтылыпты. Осы норманың бұзылуына, яғни жарғының орыс тіліндегі нұсқасының болмауына байланысты құжат қабылданбаған.
"Сонда бұл заң "бұзылатын" болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екені нақтыланған Конституция мен тіл туралы заң қайда қалады? Қандас бір заңға сүйенеді, Әділет департаментіндегілер екінші заңды көлденең тартады. Мемлекеттік тіл көк серкенің тұлыбындай көкпарға түскен секілді", — деп жазады Ахметовтің құқығын қорғап жүрген Н.Жәрімбетова.
Департаменттің осы бұйрыққа қол қойған үш қызметкерінің бірі — бөлім басшысы Арман Сұлтанов түсініктеме берді.
"ҚР "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңы бар. Соның 6-бабына сәйкес, жарғы қазақ және орыс тілдерінде екі дана ұсынылуы қажет екені нақты көрсетілген. Осы норманың сақталмауына байланысты ол кісінің құжаттарын тіркеу мерзімін тоқтаттық. Мен өзім Талғат мырзамен телефон арқылы сөйлесіп, түсіндіріп айтқанмын. Олқылықтың орнын толтыруға бір ай уақыт беріледі. Егер осы мерзім ішінде жарғысы түзетіліп ұсынылмаса, 11-бапқа сәйкес, құжаттары қайтадан қабылданбайды", — дейді А.Сұлтанов.
Ол заңның баршаға ортақ екенін, оны орындау негізгі міндеттеріне жататынын алға тартты. Ал Талғат Ахметов бұл талаптарды орындаудан үзілді-кесілді бас тартатынын айтып отыр.
"Құтты мекен" деген ұйымға орыс тілінің қажеті не? Мен мұны сырттан келетін қандастар үшін жүзеге асырғым келді. Өз жерімде өз тілімнің заңды күші болмаса, несіне қазақпыз деп мақтанамыз? Қағидалы түрде құжаттардың орысшасын жасатпаймын! Оны департамент өкілдеріне әуел баста-ақ айтқанмын", — дейді қандасымыз.
Талғат мұнымен тоқтап қалмай, сотқа жүгінгелі отыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓