Адам құқығы неге жиі тапталады?
Бүгінде ішкі істер органдарының қызметтік бөлмелерінде азаматтарды заңсыз ұстау былай тұрсын, оларды азаптау, ұрып-соғу фактілері жиі орын алуда. Тәртіпсіздікке барған тәртіп сақшыларының сотталып жатқандары да бар. Ал жағдай осылай болса да, бірде-бір полиция бастығы жауапқа тартылмаған. Бұл туралы аймақтық прокуратурада өткен қоғамдық кеңесте облыстық прокуратураның 2 басқарма бастығы Азамат Құрманов мәлімдеді.
– Облысымыздың прокуратура органдары жыл басынан бергі сегіз айда азаматтардың конституциялық құқығын бұзуға қатысты 29 қадағалау актісін енгізді, соның қорытындысы бойынша 41 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды. Азаматтарды азаптауға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалса, олардың екеуі сотқа жіберілді, екеуін облыстық прокуратураның арнайы басқармасы қарап жатыр. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген барлық қылмыстық істер ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты қозғалды, – деді ол.
Азамат Құрманов сонымен қатар, заңсыз тінту әрекеттерінің де азаймай отырғанын жеткізді.
Жиында кеңес мүшелері тәртіп сақшыларының құқыққа қарсы әрекеттерінің себебін анықтауға тырысты. Мәселен, жылдың алғашқы сегіз айында прокурорлардың араласуымен 12 азамат ішкі істер органдарының қызметтік бөлмелерінен, 7 адам әртүрлі негіздермен уақытша ұстау изоляторларынан босатылған.
Дерекке жүгінсек, Қостанай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Азамат Дәрменов пен Ринат Шұғымбаевтар азаматтарға жасамаған қылмыстарын заңсыз мойындатып, азаптаған деген айып тағылып, полиция шенділері бас бостандықтарынан айырылған болатын. Ал Қостанай қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Е.Тәжіқұлов пен осы бөлімше бастығының орынбасары А.Бекжановқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанда, сот отырысында олар заңсыз әрекеттердің барлығы басшылықтың нұсқауымен жасалғанын айтқан еді.
Қоғамдық кеңес мүшелері полицияға мамандарды іріктегенде мұндай бассыздыққа не үшін баратынын және полицейлердің өздері қылмыскерлер қатарын толтырып жатқанын тілге тиек етті.
Облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары Атығай Арыстанов азаматтардың полиция тарапынан конституциялық құқықтарының бұзылғанын растады. Тергеу жүйесінде алты құқық бұзушылыққа жол берілген. Қазір осындай заңсыз әрекет орын алса, кінәлілер ізінше жазаланып жатады деді.
– Біз аталған фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргіздік. Кейбір қылмыстық істерге тексеруге аяқталып та қалды. Қосымша тағы да қызметтік тексерулер жүргізетін боламыз. Мұның барлығы облыстық ІІД басшылығының назарында, – деді А.Арыстанов.
Шұға Қоңқабай