Кезекті кездесу – Лисаков пен Жітіқарада
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Лисаков және Жітіқара қалаларының тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл туралы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аймақ басшысы алдымен Лисаков қаласындағы Октябрь кентінің тұрғындарымен жүздесуге барды. Жергілікті тұрғындарды Октябрь кенті және Б.Майлин ауданына қарасты Козырев ауылы арасындағы бөгетті су басу мәселесі алаңдатады. Бұл мәселені аймақ басшысы жеке бақылауына алып, "Казводхоз" филиалының директорына осы жағдайды тұрақтандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі стадион аумағында спортшылармен кездесті. Олар стадионға жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Стадион 1976 жылы салынған. Өңір басшысы осы жылы нысанды жөндеуді тапсырды.
Бұдан кейін А.Мұхамбетов Лисаков қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін кездесу YouTube, Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде көрсетілді.
Жиналыста тұрғындар көптеген сұрақ қойып, ұсыныстарын білдірді. Үйлер тұрғызу және жол салу, көшелерді жарықтандыру, мектептер мен стадионды жөндеу мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ, өңір басшысы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындардың сұрақтарына толық жауап бере отырып, облыс басшысы бұл мәселелердің барлығы шешімін табуы үшін жауапты органдардың басшыларына тапсырма берді.
Айта кету керек, Лисаков қаласы белсенді дамып келеді. Бұған жаңа нысандардың құрылысы дәлел. Мысалы, қазір қуаттылығы жылына 34 мың тонна кремний карбидін өндіру зауытын ашу жоспарланған. Зауыт іске қосылса, 230 жұмыс орны пайда болады, ал инвестициялар көлемі 20 млрд теңгеден астам.
430 млн теңгеге "Алақай" спорттық-ойын-сауық паркінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жерде 26 тұрақты жұмыс орнын құрылады. Сондай-ақ, құны 100 млн теңге болатын стоматологиялық пунктің құрылысы аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
Одан әрі облыс әкімі Жітіқара ауданының тұрғындарымен кездесті. Жітіқаралықтар жолдарды жөндеу, мектептер мен аграрлық секторды субсидиялау мәселелерін көтерді. Барлық көкейтесті сұрақтарға жауаптар берілді.
Халықтың тұрмысын жақсарту үшін 2021 жылы ауданда сумен және газбен жабдықтау саласында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Мысалы, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген өала халқының үлесі – 91,3%, ауылдықтар – 87,4%.
Шортанды өзенінің сол және оң жағалауында қаланың шығыс бөлігін газдандыру жұмыстары да жүргізілген. Бүгінде қаланы газбен қамту үлесі 98,8%-ға тең.
Сондай-ақ, Забелов және Пригородный ауылдарындағы 6 көше және аудан орталығындағы 5 ішкі өткел жөнделді.
Тұрғындармен кездесуден кейін Архимед Мұхамбетов Жітіқара қаласындағы 11-ші шағын ауданға барды. Тұрғындардың сұрауы бойынша мұнда №1, 2, 3 үйлердің маңындағы кварталішілік жолдарға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы "Желқуар" су қоймасына барып, су тасқынына қарсы дайындық барысымен танысты.