Дмитрий РОМАЩЕНКО: «ҚАЗАҚСТАН ортақ үйіміз»
Наурыз – халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастыратын мейрам. Ұлыстың Ұлы күнін тек қазақ халқы ғана емес, Азияның өзге де көптеген елі ерекше құрметпен қарсы алады. Ұлан-ғайыр қазақтың даласында тұрып жатқан ондаған ұлт өкілінің татулығы мен жарастығы өзгелерге үлгі болғандай. Олардың жүрегі Қазақстан деп соғады. Қазақтың салт-дәстүрі мен тілі, әдет-ғұрпы ортақ. Мәселен, қостанайлық ұстаз Дмитрий Ромащенко украин ұлтының өкілі. Ол Федоров ауданында дүниеге келген. Бірақ, туған жеріне, Отанға деген патриоттық сезімі оны қазақ тілін үйренуге жетеледі. 2011-2015 жылдары аралығында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде филология мамандығы бойынша білім алған. Педагогика және психология, педагогика ғылымдарының магистрі. Ең алғаш еңбек жолын туған жері Федоров ауданындағы өзі ұшқан алтын ұя мектебінен бастаған.
– Қазіргі уақытта Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Сонымен қатар, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ базасында Қазақстан халқы Ассамблеясының бас сарапшысы ретінде биылдан бастап тіл үйрету курсын аштым. Бұл курс бұрыннан бері бар еді, бірақ форматы басқа болды. Мен ашқан үйірменің айырмашылығы қазақ тілін үйренуге ниет білдірген кез келген адамға жас ерекшеліктеріне қарамай үйретемін. Аптасына екі рет болады. Менің ата-анам – қазақ жерінде дүниеге келген. Бала кезімізден елімізде атап өтілетін мерекелердің төресі Наурыз мерекесін тойлап келе жатырмыз. Оқушы ретінде де, студент ретінде де бұл мерекеге арналған түрлі іс-шараларға белсене атсалыстым деп айта аламын. Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезімде мен Қыдыр атаның рөлін сомдадым. Қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын түрлі көріністерге қатыстым. Менің анам әр наурыз мейрамы кезінде ұлттық дәм жасайтын. Еліміздегі пандемияға байланысты соңғы жылдары бұл мерекені кең көлемде тойлауға шектеу қойылды. Десе де індеттің беті қайтып, алдағы уақытта төл мерекеміз өз деңгейінде тойланады деген сенімдемін. Өзім Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің қай өңіріне барсам да маған өзге ұлт өкілі ретінде қараған емес. Қазақстан біздің ортақ үйіміз. Біз ашық аспан астында бейбітшілікте өмір сүріп келе жатырмыз. Менің өмірім достықты, бейбітшілікті насихаттайтын Қазақстан халқы ассамблеясымен тығыз байланысты. 2020 жылы «Тіл мектебі» атты республикалық байқауға Қостанай облысы атынан қатысып, өз жобамды ұсындым. Біздің облыс бойынша жеңімпаз атандым. Себебі, былтыр «Құрмет» орденіне ие болдым. Марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында болды. Ассамблеяның Қазақстан халқы үшін атқарған жұмысы өте зор. Себебі, 100-ден астам әр түрлі этносты біріктіру, бірлікте ұстау оңай емес, – дейді Дмитрий Ромащенко.
Тағдырдың жазуымен қазақ жерінде дүниеге келген өзге ұлт пен ұлыс өкілдері бүгінде бейбітшілік пен татулықта күн кешуде. Бір өңірдің суын ішіп, ауасын жұтып отырған соң мәдениет пен өнердің де ортақ тұстары көп. Сондықтан болар, Ұлыстың Ұлы күні бүгінде тек қазақ жұртының ғана емес, барша қазақстандықтың асыға күтетін сүйікті мерекесіне айналған.
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.