Мақсат айқын, міндет зор

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен «Amanat» партиясының өңірлік филиалының партиялық актив отырысы өтті. Оған Саяси кеңес мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, партия  және жас белсенділер қатысты. 
– Еліміздің қоғамдық-саяси жағдайының тұрақталған сәтінде біз Мемлекет басшысының барлық саяси институттарды, оның ішінде партияның жаңғыртуға деген табанды шешімінің куәсі болдық. Жаңартылған партия «Жаңа Қазақстанның» ажырамас институттарының бірі екені сөзсіз. Съезде партияны жаңғыртудың  7 негізгі басымдығы айқындалған және оны жүзеге асыруға ендігі жерде ортақ күш-жігерімізді бағыттауымыз керек. Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. 23 жылда ілкімді істің партиясы атанып, нақты нәтиже көрсетіп елдің көңілінен шыға білді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандығымыз – байлығымызға, бірлігіміз – табысымызға айналды. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді халқымыз. Аманат етіп қалдырған ел мен жердің дамуы жолуында бірлігіміз берік болуы керек. Партияның негізгі міндеті –  депутаттардың жергілікті билікпен тығыз байланыста жұмыс жасауы, халық тарапынан көтерілген мәселелердің оң шешімін табуға әсер етуші күш болып қала бермек, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында партия төрағасы, съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияны жаңғырту бойынша және «Жаңа Қазақстан» бағыты аясында қойылған партияның алда тұрған міндеттерін талқылап, жаһандық өзгерістерге дайындық шаралары жайында сөз қозғады.
Сондай-ақ, облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Бүркітқызы өз сөзінде партияны жаңғыртудың  7 негізгі басымдығы туралы атап өтті.
Партия еліміздің жетекші саяси күші ретінде, халқымыздың бірлігіне, еліміздің өркендеуіне және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатына жұмыс істеуді жалғастыратын болады.
Әсел ҚИБАШ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓