Жылулыққа толы
Жыл сайын 8 наурыз қарсаңында гүлдер, жүрекжарды әңгіме – Қазақстан әйелдер күштерінің альянсі Қостанай облыстық филиалының нәзік жандарға арналған құттықтаудың арқауына айналған. Мерекелік басқосуға түрлі қалалар мен аудандардан белсенді әйелдер қауымы жиналды. Шақырылғандардың арасында түрлі сала мамандары бар.
Биылғы жылды Президент «Балалар жылы» деп жариялады. Кездесуде бала тәрбиесіндегі әйелдің рөлі және ананы қолдаудағы мемлекеттің маңызы туралы айтылды.
«Біз не салсақ та, мемлекет деңгейінде не істесек те, баланың басты қорғаушысы әрқашан ана болады. Сондықтан әйелдердің денсаулығы мен әл-ауқатына да үлкен көңіл бөлінеді. 8 наурыз – әйел-анаға тағзым етудің бір белгісі деп есептеймін», – дейді Қазақстан әйелдер күштерінің альянсі Қостанай облыстық филиалының төрайымы Римма Бектұрғанова.
Мұнан кейін іскер ханымдар орыс драма театрында «Біздің Камшат» қойылымын тамашалады. Айта кету керек, аталған спектакль Қазақстан әйелдер күштерінің альянсі бастамасымен қойылған болатын.