Қылығы балдай
Көктемнің алғашы мерекесі нәзік жандардың күні. Демек бұл күн әжелерімізге, аналарымызға, қыздарымызға арналады. Ал арулардың барлығы да сұлу. Сұлу бола тұра сұлулыққа әуес, жандары әсем. Табиғат Ана қыздарды дәл осындай нәзік етіп жаратса керек. Бүгінгі мерекенің перизаты кішкентай ғана Айлин сұлу. Бұл мерекеде оның құшағы гүлге, әр суреті лүпілге толары сөзсіз.
Айлин Кәкімжан небәрі 1 жаста. Соған қарамастан «Қазақстанның сұлу қызы» деген атақты иемденіп үлгерген. Инстаграмда өзінің парақшасы да бар. Ол жерде Айлиннің күнделікті тірлігі, сүйкімді қылықтарын анасы Әйгерім салып отырады. Күн санап жазылушылардың да қатары артып келеді. Ерке қызымыздың әр ісіне сүйсіне қарайтындар пікірлерін қалдырып, тәп-тәтті қылықтарына лүпіл басып жатады. Жақында әкесімен бірге түсірген бейне ролигі екі-үш күннің ішінде 33 миллион қаралым жинаған. Әлемге таралып кеткен бұл роликке лүпіл қоюшылар әлі де толастар емес. Әлемнің әр елінен тілегін арнағандар аз емес.
Айлин отбасындағы екінші бала. Ерке, томпиған ғана сұлуын әкесі Жәнібек қолынан тастамайды. Оны бәрі де жақсы көріп, қуыршақтай қылықты қызға ақ тілектерін арнап жатады. Ал ол болса мұндайға әбден үйреніп алған.
– Қызымыз дүниеге келгеннен бастап-ақ сүйкімді болды. Танымайтын кісілер де сүйсіне қарайтын. Қолындағысын беріп, еркелетіп жатады. Тіл көзім тасқа, өзі де сүйкімді. Көзі тостақандай, тәтті қылықтарымен өзгелердің назарын өзіне аударып тұрады. Өзіміздің парақшамызда Айлинді көп сұрайтындардың қатары көбейе бастаған соң өзіне жеке парақша ашайық деп шештік. Бірден жазылушылар да, пікір қалдырып, лүпіл басатындардың қатары да артты. Баланың бал қылығы баршаны елітіп тұратыны бар емес пе, – дейді анасы Әйгерім.
Осы жастан Айлин ыңылдап өлең айтып, билегенді жақсы көреді. Камера алдында өзін еркін сезінеді. Фотоға түсуге дайын тұрады. Қыз болған соң әдемі киініп, сызылып тұра қалатынын қайтерсіз. Республикалық «Қазақстанның сұлу қызы» байқауында да осы қасиеттерінің арқасында жеңімпаз атанды.
– Бірде осындай байқау болатынын естідім. Оған еліміз бойынша 18 жасқа дейінгі қыздар қатыса алады екен. Бақ сынап көрейік деп, әдемі суреттерін салдық. Байқауға қатысқан сегіз мың үміткердің ішінен біздің сұлуымыз бас жүлдені жеңіп алды. Балаға не керегін ата-анасы сезеді. Алға жетелейді. Егер келешекте басқа жолды таңдап жатса біз қашанда қолдаймыз. Әзірге балаға ұялмай, ашылып, бойында бар өнерін көрсете білуге үйреткіміз келеді, – дейді анасы.
Біз де қызғалдақтай құлпырған тәтті қызға тек жақсылық тілейміз. Бүгінгі мереке әр үйдің еркелеріне құтты болсын демекпіз. Сұлуларымыз бақытты болсын.