Қос атаққа кімдер лайық?

Көркемөнерпаздар ұжымдарына "Халықтық" және "Үлгілі" атақтарын беруге өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Осыған орай облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмер Қалқаев Қостанай ауданындағы Мәдени-сауықтыру орталығы басшысының орынбасары Людмила Зазулинамен сұқбат өткізді.
"Біз былтыр күз айларында облыс көлемін аралап, әр өңірдегі ұжымдармен танысып шықтық. Сол кезде "Халықтық" және "Үлгілі" атақтарына лайық көптеген жақсы ұжымдар бар екеніне көз жеткізген едік. Әсіресе, Тобыл қаласындағы "Алтын дән" мәдениет үйінде осындай құрметке лайық топтар мен ансамбльдер бар", – деген Дәмер Елтайұлы Людмила Зазулинадан аталмыш атақтарға кімдерді үміткер ретінде ұсынатынын сұрады. 
"Басты үміткер – "Зарянка" фольклорлық ансамблі. Бұл ұжымның құрылғанына 30 жыл. Тәуелсіздіктің құрдасы. Құрамында 15 шақты өнерпаз бар. Барлығы да аға буын өкілдері. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған. Ансамбль жетекшісі – Николай Берлимов", – деді Людмила. 
Сондай-ақ, ол "Халықтық" және "Үлгілі" атақтарына "Шабыт", "Шалқыма" вокалдық топтарын үміткерлер қатарына қосуға болатынын айтады. Дей тұрғанмен, өңірге танылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген бұл ұжымдардың жүлде қоржыны әлі де толыға түскені керек-ақ. Репертуарларын молайтып, шығармашылық кештерін де берулері қажет. Республикалық, халықаралық байқауларға да жиі қатыстыруға сұранып тұрған өнерпаздар да осылар. Тек үнемі қолбайлау болатын қаржы мәселесі шешілсе деген тілектері бар. Дәмер Қалқаев бұл тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін, бұл екі вокалдық топты да кандидаттар тізіміне қосу мүмкіндіктерін қарастырып көруге болатынын айтты. Сондай-ақ, аталған атақтарды иемдену үшін өтінім беру тетіктерін түсіндірді. Оның айтуынша, ең қолайлы жолы – EGov электронды үкіметінің қызметіне жүгіну.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓