Сауда-саттық мерекесі

Қостанай қаласында кең ауқымды азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың 11 ауданы мен Қостанай, Рудный қалаларының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер келіп қатысты.
Жәрмеңкеге жалпы салмағы 121,6 тонна болатын 110 түрлі өнім әкелінген. Оның ішінде ет өнімдерінің көлемі 27,1 тоннаға тең. Сиыр және қой етінің келісі 1900 теңгеден, жылқы еті – 2100, шошқа еті – 1700, құс етінің келісі 890 теңгеден сатылды. Саудаға шығарылған жоғары және бірінші сұрыпты ұн – 4 тонна. Бағалары – 180 және 154 теңгеден. Осы жолы жарма мен макарон өнімдері де мол көлемде болды. 7,2 тонна тауардың келісі 185-250 теңгеден бағаланды.
Үнемі айрықша сұранысқа ие болатын тауық жұмыртқасының сөрелерге 144 мың данасы қойылды. Он данасы 350-370 теңге болып белгіленген. Салыстыру үшін айта кетсек, осыған дейінгі жәрмеңкеде жұмыртқа бағасы 20 теңгеге қымбатырақ болған еді. Айтқандай, осы сауда-саттық шарасында алғаш рет бөдене жұмыртқасы сатылды. Бөдене өсірумен айналысатын қарабалықтық кәсіпкер өнімінің он данасын 280 теңгеге бағалаған.
 Жалпы салмағы 29 тонналық картоптың келісін жергілікті жұрт 120-140 теңгеден сатып алып жатты. Сәбіз – 140-148, жуа – 86, орамжапырақ 104 теңге тұрды. Күнбағыс майының бағасы да төмендей түскен – литрі 700-720 теңге аралығында. Бұл да өткен жәрмеңкеде 100 теңгеге қымбаттау болған еді.
Балық саудасы да қызды. Федоров, Ұзынкөл және Қарасу аудандарының балықшылары шортан (650-700), алабұға (650), шабақ мөңке (300), қарабалық (900) және басқа балық түрлерін сатты.
Айта кету керек, осы жолы тұрақтандыру қорынан 10 тонна болатын жеті түрлі өнім әкелінген. Қала әкімдігінің өкілдері бұдан былай азық-түлік жәрмеңкесі айына кем дегенде бір рет өткізілетінін айтып отыр. Мұндағы мақсат – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнын тұрақтандыру.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓