Табанды жұмыстың нәтижесі

Қостанайлық полицей екі күннің ішінде 200-ден астам көлікті тексеріп, жол-көлік оқиғасы орнынан бой тасалаған кінәлі жүргізушіні тапты.Қостанай тұрғыны "102" пультіне хабарласып, тұрақта қалған көлігіне басқа көліктің зақым келтіргенін хабарлады. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері жай-жапсарды тексерді.
– Өтінім келіп түсті, біз бірден жасырынған автокөлікті іздеуге кірістік. Аулаға орнатылған бейнебақылау камераларын қарап, автокөлік маркасын анықтадық. Өкінішке қарай, мемлекеттік нөмір көрінбеді, – дейді іздеу инспекторы Қайырбай Амаржанов.
Екі күн ішінде жасалған жұмыстың нәтижесінде полиция қызметкері 200-ден астам көлікті сүзгіден өткізді. Іздеу шаралары барысында облыс орталығының Баймағамбетов көшесінде жол-көлік оқиғасына қатысы бар екенін дәлелдейтін белгілерге ие автокөлік табылды. Көлік гараждардың бірінде тұрды. Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші жауапқа тартылды.
Облыс орталығының тұрғыны Е.Пак Қостанай облысының полиция департаментіне алғыс хатпен жүгініп, 2021 жылдан бері жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру бөлімінде жұмыс істеп келе жатқан Қайырбай Амаржановтың үлкен еңбегі бар екенін атап өтті. Өз хатында ол полицейдің апатқа кінәлі адамды анықтау бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізгенін жазған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓