Ахаң мерейтойы қалай өтеді?

2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпыреспубликалық жоспар
Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Алаштың арда азаматының бұл жолғы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, әрине, алдымен Қазақ елінде кең ауқыммен тойланбақ. 2021 жылғы 9 қарашада Үкімет арнайы қаулы шығарып, осы мерейтойды ұйымдастырып өткізуге төрағасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары басқарған жауапты комиссияның құрамын бекіткен болатын. Осы комиссия Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар әзірлеген. Аталған жоспардың жобасында 63 пункттен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылған. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кескінделген пошта маркалары мен Ұлттық банк монеталарын шығарудан бастап, жол жөндеуге дейінгі нақты шаралар бар.
Олар:
– ғылыми конференция, симпозиум, форум түріндегі, онлайн және оффлайн форматтағы жиындар;
– ғалымның еңбектерін әлемнің танымал тілдерінде басып шығарып, халыққа таратуға бағытталған 8 шара;
– айтыс, мүшәйра, фестиваль, конкурс форматындағы республикалық және өңірлік деңгейдегі 12 байқау;
– Ахмет мұрасын сахналық қойылым, кино, спектакль арқылы дәріптеуге арналған шаралар;
– халықаралық деңгейдегі 7 ауқымды шара;
– ақпараттық-имидждік бағыттағы шаралар;
– сәулет және реставрациялық бағыттағы 7 шара.
Жоспарда жыл аяғына дейін Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсіру қажеттігі де айтылған. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындау ұсынылып отыр. Облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелер мен даңғылдарға мерейтой иесінің есімін беру үшін өңірлік ономастика комиссиялары белсенді жұмыс істеуі қажет.
Халықаралық деңгейдегі іс-шараларға келсек, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстанбұл қаласында дөңгелек үстел мен фотокөрме ұйымдастыру көзделген. Ал, басты шараның діңгегі – ЮНЕСКО ұйымының штаб пәтері орналасқан Париж қаласында өткізілмек.
Комиссия мүшелері осы жалпыреспубликалық жоспар аясында Сыртқы істер министрлігіне Түркияның Анкара қаласы мен Ресей Федерациясының Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды ұсынған. Сонымен қатар, Әзербайжан астанасында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өткізу жоспарланған. Ақпараттық-имидждік бағыттағы шаралардың ішінде арнайы портал құру бастамасын бөліп айтуға болады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің базасында қайраткер тұлғаның өмірін, қызметі мен мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы құрылмақ.
Сәулет-рестврациялық бағыттағы жұмыстардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының есімін алған музей-үйлерді реставрациялау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында Ұлт ұстазына арнап ескерткіш орнату, Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы Ахаң туған үйді қалпына келтіріп, музей-үй етіп ашу және Байтұрсын әулетінің қорымын қоршау, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу сияқты шаралар қамтылған.
 
«Бұл тойдан ізгілікті із қалуы керек»
Осы мәселенің басы-қасында жүрген, айтулы датаның ЮНЕСКО көлемінде лайықты тойлану қажеттігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қозғау салған сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуынша, бұл жоспарға қосымша ұсыныстар енгізілуі мүмкін.
«Жалпыреспубликалық жоспарға енген шаралардың бәрін қағаз жүзінде орындауға болады. Алайда, біз жоспарға енген дүниенің бәрін сапалы өткізуге атсалыссақ деп ниеттеніп, бірнеше депутат пен зиялы қауым өкілдерінен құралған қоғамдық кеңес құрып отырмыз. Ахаң атындағы халықаралық қор да құрылып жатыр. Алғашқы отырысымызда айтылған ұсыныстардың бірі – ұлт үшін туған арда азамат, біртуар тұлға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мәдени әрі ғылыми орталық Елордада ашылса деген ниет. Сонымен қатар, кіндік қаны тамған ауылындағы мұражай үйін дұрыстап қалыпқа келтіру мәселесі. Ахмет туған ауыл мен Қостанай қаласының арасы – 665 шақырым. Ал, аудан орталығы Торғай мен ауылға апаратын грейдер жолдың 100 шақырымнан астамына асфальт төсеу қажет. Қазір 10 шақырымнан астамына ақша бөлінді. Енді қалғанына қаражат бөлгізу керек болып отыр», – дейді депутат.
Сондай-ақ, сенатор әуелде республика көлемінде өтеді деп жоспарланған «Ахаң жүріп өткен жол» экспедициясы халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтады. Ол үшін ғалымның табаны тиген мемлекеттердің нақты тізімі айқындалып жатқан көрінеді.
«Конференция, айтыс, конкурстар өз алдына өтеді ғой. Бірақ бұл тойдан ізгілікті із қалуы керек. Ол үшін ескерткіштер орнатылып, құнды кітаптар басып шығарылуы қажет. Білім және ғылым министрімен жүзбе-жүз сөйлестік. Бұл саладағы мекемелер – жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер, ғылыми-зерттеу институттары көрсетілген іс-шараларда атсалысатындығы, сонымен қатар арнайы медаль шығарылып, Ахаң атындағы стипендия тағайындалмақшы. Тағы бір үлкен дүние – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен Ахмет Байтұрсынұлы туралы арнайы кітап дайындап жатыр. «Алаш» орталығының басшысы Сұлтанхан Аққұлұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы музей үйінің директоры Райхан Имаханбет бастаған топ 12 томдығын дайындауда. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 5 томдық академиялық толық шығармаларын дайындап жатыр. Ахаңның ел тарихында атқарған баға жетпес жан-жақты істерін жаңа қырынан көрсететін еңбектер өмірге келуі керек. Мерейтой соңынан қалатын із деп осыларды айтуға болады», – дейді Алтынбек Нұхұлы.
Тәуелсіздік алған кезеңнен бері мерейтойы мемлекет қолдауымен әлемдік деңгейде кең ауқымда аталып өткелі отырған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын жоғары деңгейде өткізу – әр қазақстандықтың парызы болуы керек. Былтыр желтоқсан айында Qazaqstan телеарнасы «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты тарихи телехикая шығарды.
Ал 26 қарашада «Соңғы үкім» толықметражды көркем фильмінің түсірілімі басталды.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓