Індет тағы белең алды

Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, енді бұқаралық іс-шараларға (банкеттер, үйлену тойлары және т.б.) әрі кеткенде 30 адам ғана қатыса алады. Ал мектептердегі оқу үрдісі оқушылар санына байланысты штаттық режимде де, қашықтан да жүргізілетін болады.
ӨКҚ алаңындағы кезекті брифингте аймақтың бас санитар дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев эпижахуалдың қайта нашарлап кеткенін баяндады.
«Біздің қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді, десек те әлі жеткілікті деңгейде емес. «Омикронның» жұғу көрсеткіші «Дельта» штамына қарағанда 5 есе жоғары. Маскасы жоқ адамға бес минут жақын тұрсаңыз болғаны», – дейді Қостанай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Дәулетбаев.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясының басқа түрлерімен салыстырғанда, «Омикрон» халықтың ең белсенді тобына – 20-30 жас аралығындағы адамдарға көбірек әсер етеді.
Індеттің өршуіне негізгі себеп – көпшіліктің сақтану ережелерін естен шығаруы. Бас санитар вирусты қайта жұқтырып алушылардың көбейіп жатқанын тілге тиек етті.
Оқу процесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Мысалы, 600-ден астам оқушысы бар мектептер қашықтан оқуға көшеді. Ал бала саны аз болса, сабақтар штаттық режимде өтеді.
«Ауыл мектептері мен 1-2 сыныптарда дәстүрлі оқыту форматы қалады. 3-5 сыныптарда кезекші топтар ашылады. Жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері аралас форматта оқытылады. Дәрістер онлайн, ал практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар штаттық режимде», – деді спикер.
Бұдан басқа, вакцина салдырған оқушылар мен студенттерді оқу орны әкімшілігінің шешіміне қарай қалыпты режимде оқытуға рұқсат беріледі. Балалар үйірмелеріне баратын оқушылар оннан аспауы керек.
13 қаңтардағы ақпаратқа зер салсақ, Қостанай облысында 97 адам аталған ауруға шалдыққан.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓