Халық айтса, қалып айтпайды

Мұндайда елдің даналығына, даралығына жүгінесің. Халық айтса, қалып айтпайды. Айтқан ауыз, жылаған көз жаман.Ел-жұрттың азаматтары мұң-мұқтажын билікке жеткізуге ұмтылды. Жиналды, айтты. Билік естіді. Құлақ асты. Тиісті шешімдер қабылданып жатыр. Ендігі жерде жұрттың тыныштығы мен бірлігі аса қымбат.
Өкінішке қарай, кейбір адуынды азаматтардың ойланбай істеген іс-әрекеттері осы тыныштық пен берекенің шырқын бұзуда. Көшелерде көлік қозғалысына кедергі келтіріп, тәртіп сақшыларының көліктерін қиратты. Мекемелердің ғимараттарына басып кіріп, бүлдіруге тырысты. Айқай-шуға басып,жазықсыз адамдардың шабына түртіп, шамына тиді. Жұрттың тыныштығын алды. Сөйтіп заңсыз әрекеттерге жол берді. Мұндайды ақтай алмайсыз. Ақтай алмайтынымыз тағы да сол телі-тентектеріміз халықтың игілігіне зиянын тигізді. Мұның материалдық-қаржылық шығындары да шаш етектен. Осы жағдайды кейбір қаскүнемдер шаңырағымызды шайқалуға пайдаланып кеткісі келеді. Біздің аса сақ болатын тұымыз осы.
Билік аспаннан түскен жоқ. Ол да халықтың бір бөлігі. Ол алдымен халықтың қызметшісі. Рас, оның қателігін айт, сына, мінін көрсет, бірақ, құқығына тиіспе, қызметіне кедергі келтірме. Заң бәрімізге ортақ.
Бұл жолғы халық дүмпуі үлкен сабақ. Әсіресе атқарушы билік үшін. Билік халыққа етене жақын болуы тиіс. Бірлік пен ынтымағының катализаторы міндетін абыроймен атқаруы керек. Ынтымақ кеткен жерден –ырыс, бірлік кеткен жерден береке кетеді. «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады». Сабыр түбір-сары алтын. Ел даналығына құлақ асайық, ағайын!
Жанұзақ Аязбеков,
 «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓