DamuMed-ке жаңа тетік қосылады

Енді стационарлардың жансақтау бөлімшелеріндегі ауыр науқастардың жағдайын олардың туыстары онлайн режимде қадағалай алады. Бұл туралы кезекті брифингте айтылды.
Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әлия Бекенова саланы цифрландыру туралы баяндады.
«Реанимацияда жағдайы нашар жатқан науқастарды онлайн қадағалау функциясы, әсіресе, туыстары коронавируспен ауырып, жансақтау бөлімінде жатқан адамдар үшін маңызды. DamuMed қосымшасына жедел хабарлау тетігі қосылмақ», – деп атап өтті Әлия Бекенова.
Оның айтуынша, пациенттен ресми келісім алған соң, сенім білдірілген тұлғаның (туысының) мобильді қосымшасына пациенттің жай-күйі, температурасы, пульсі, қысымы, тыныс алуы туралы ақпарат өзінің келісімінен кейін ғана жіберіледі.
«Қабылдау бөлмесінің қызметкерлері келіп түскен пациентті ақпараттық жүйеге тіркеген кезде туыстарының немесе өзге де байланыста болған адамдардың дербес деректерін толтырады, бұл дәрігерлерге пациенттің жай-күйі туралы ақпаратты байланысатын адамдарға жүйе арқылы жіберуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері үйретіліп, оқытылып жатыр. Аталған жоба жақын арада іске қосылады.
«Бейнеқоңырау шалуға да болады. Біз оның күнделікті кестесін құруды жоспарлап отырмыз. Дәрігерлер пациенттерді аралағаннан кейін, күннің бірінші жартысында немесе кешке болуы мүмкін», – деп түсіндірді басқарма өкілі.
Қоса кетейік, бүгінде Қостанай облысында 222 мың 309 адамның мобильді қосымшада негізгі аккаунттары бар. Оларға кәмелетке толмаған балалар мен қарт ата-аналардың 150 мыңнан астам бейіндері бекітілген, яғни, 370 мыңнан астам. Бұл – Қостанай облысы тұрғындарының үштен бірінен сәл астамы цифрлық сервисті (DamuMed) қолданады деген сөз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓