Әр салада өсім бар
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Бейімбет Майлин ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов есеп берді. Биыл аудан тұрғындары үшін мерейлі кезең ауданның 85 жылдығы. Ауданда инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған.
Облыс өңірлері арасында Бейімбет Майлин ауданы өнеркәсіптік өнім көлеміндегі үлес салмағы бойынша Қостанай және Рудный қалаларынан кейін үшінші орында. (8%). Ағымдағы жылдың 11 айында ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі 166 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың деңгейінен 47% – ға артық. Ал ауданның барлық өнімінің 93% – ын құрайтын «Варваринское» АҚ 154 млрд.теңгеге өнім өндірген.
Ауыл шаруашылы өнімдерінің жалпы шығарылымы 23 млрд. теңгені құрайды. Көрсеткіштің төмендеуіне биылғы ауа райының қолайсыздығы себепші болып отыр. Бұл дәнді дақылдардың жалпы түсіміне де кері әсерін берді. Биыл бұл көрсетікш 64 мың тонна, ал орташа өнімділігі 5,3 ц/га. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда жалпы өнім 39% – ға, өнімділік 34% – ға төмендеген.
– «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі инвестициялық жоба жүзеге асты. «Агротехнологиялық компания» ЖШС қолға алған 2531 гектар жайылымдарға арналған инженерлік желілердің құрылысы аяқталды, оған аудандық бюджеттен 48 млн теңге бөлінді. Магистральдық құбырдың ұзындығы 410 метр, электр беру желісі – 3941 метр, сорғы станцияларының саны – 2 бірлік, жобаның жалпы сомасы 219,4 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 98 млн теңгеге «Халвай – II» ЖШС ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесіне қажетті инженерлік коммуникацияларды салу жобасын аяқтады. «Ленинское" ЖШС-де 600 млн. теңгеге жұмыс істеп тұрған фермаға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Оның сыртында балық өсіруге арналған материал шығару бойынша инвестициялық жоба әзірленуде, оның бастамашысы «Fishestate «Қаратомар балық питомнигі» ЖШС. Жобаның құны 127 млн теңге, оның 19 млн теңгесі – өз қаражатынан, 108 млн теңгесі заемға алынған. Бұл бастама келер жылы іске қосылмақ, – деді аудан әкімі.
Ағымдағы жылы Тобыл кентінде 130 оқушыға арналған мемлекеттік тілде оқытатын мектеп салынды. Оған облыстық бюджеттен 11,5 млн теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Б.Майлин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады. Жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың жалпы сомасы 550 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Берегова және Юбилейная мектептерін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
– Ауданда 6 мамандық бойынша дәрігерлер жетіспейді. Эндокринолог, онколог, акушер-гинеколог, рентгенолог, жалпы тәжірибе дәрігері және нарколог-психолог керек. Биыл 6 дәрігер мен 16 орта медицина қызметкері жұмысқа орналасты. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін 5 маман бюджеттік несие алды, – деді Қайсар Батырханұлы.
Бүгінгі күні ауданның 34 елді мекенінің 18 немесе 53% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Халықты сапалы сумен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджет қаражаты есебінен 9 млн теңгеге Набережное, Увальное және Богородское ауылдарында су тарату пункттері қойылған. Красносельское ауылында жалпы сомасы 568 млн теңгеге су құбыры мен тарату желілерінің екі жылдық құрылысы басталды. Ағымдағы жылы 62 млн теңге игеріліп, 5 шақырым (5,172 ш) құбыр тартылған, 85 құдық орнатылған. Майское ауылының халқын үздіксіз сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде, ауылдың су құбыры желілерін 12 млн теңгеге қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен елді мекендерді одан әрі газдандыруға Әйет және Береговое ауылдарында газ тарату желілерін салуға арналған құжаттама да әзірлену үстінде.