Pfizer ақылы айналымға шығады
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Pfizer вакцинасының ақылы айналымға қашан шығатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Маңызды шешім қабылданды. Үкімет Pfizer вакцинасын коммерциялық сегментке жіберуді қолдады. Қазір соның тетіктері пысықталып жатыр. Қазақстан өңірлерінің бәрінде аталған вакцинаны коммерциялық сегментке шығару мүмкіндігін қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер сияқты тегін вакцина алатын санаттарды қоспағанда халықаралық сапарға жиі шығатындар үшін мұндай вакцинаны алу мүмкіндігі болады», – деді Алексей Цой Үкімет отырысынан кейін журналистерге жауап берет отырып.
Сондай-ақ, ол Pfizer вакцинасын қашаннан бастап ақылы негізде алу мүмкін болатынын айтты.
«Бағасы әлі анықталады. Бұл коммерциялық сегмент. Бәсекелестік орта бар дегендей. Біз осы жылдың соңына дейін бұл вакцина ақылы айналымға түсуі керек деп жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін біз өңірлерге ақылы вакцинаны жеткізудің тетігін анықтаймыз. Екпені суық ортада ұстау тізбегінің талаптарын сақтау өте маңызды. Бәлкім қазір вакцинациямен айналысатын объектілерде сақтайтын шығармыз. Тоңазытқыш жабдықтары мен өзге де талаптар сақталған ғой», – деп түсіндірді Алексей Цой.
Министрдің мәліметі бойынша, Pfizer вакцинасының коммерциялық айналымға шығарылатын партиясын жеткізу мәселесі қазірдің өзінде пысықталып жатыр.
«Ең бастысы, жеткізудің барлық тетіктері, құқықтық мәселелер пысықталды. Бұл тұрғыда өте ауқымды жұмыс істелді. Қазір біз тапсырыс көлемін қосымша келісімдермен кеңейте аламыз. Бастысы, вакцинаны сатып алу мен жеткізу тетігі пысықталып болды. Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы келгенін білесіздер. Ендігі партиялары апта сайын келіп отырады», – деді ведомство басшысы.