Көркемөнерпаздар фестивалі басталды
Өңірде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты ХХХІV облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы фестивалі өтіп жатыр. Байқаудың екі күні аясында Арқалық қаласы мен Амангелді ауданының өнерпаздары барлық қабілет-дарындарын ортаға салды.
Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты – әр аудандар мен қалалардағы жаңа талантты шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды анықтап, қолдау көрсету. Жылдық есеп беру байқауына «Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет Басқармасы» ММ басшысының орынбасары Сәуле Әзімжанова бастаған 5 өнер майталманы қазылық жасауда.
Фестиваль 11 қазан күні Арқалық қаласынан бастау алды. Байқау комиссиялары Арқалық қаласының өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны да жоғары бағалады. Шаһардағы Қазақ жасөспірімдер театры сахнасында есте қаларлықтай мәдени іс-шара өтті. Ақындар арнауымен, жергілікті оркестрдің әуен-сазымен басталған концерт күміскөмей әншілердің өнерлерімен сабақтасып, қалың қауым әсерлі де әсем кешке куә болды. Арқалықтық сахна шеберлері қазылардың жоғары ұпайын иеленді.
Амангелді ауданының өнер майталмандары да фестивальге тыңғылықты дайындалған. Ән мен күй, көркемсөз бен театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Дәстүрлі өнер мен заманауи әуен-саздар астасқан көркем кеш болды. Көркемөнерпаздарының өнерін тамашалауға келген жұртшылық ыстық ықыластарын білдіріп, ризашылықпен тарқасты.
Фестиваль әлі жалғасады. Алда облыстың басқа аудан-қалалары өнер көрсетпек.