Елде ет қымбаттады
Қазақстанда биылғы сегіз айда ет бағасы 7,4 пайызға өсті. Қой еті 14,6 % қымбаттаған. Осы жөнінде сараптама жүргізген energyprom.kz ақпарат агенттігі жылқы етінің де шарықтау шегіне жеткенін анықтаған. Атап айтқанда, жылқы – 9,4 %, сиыр еті – 7,8 %, құс еті – 3,2 % көтерілген.
Тамызда дүкендер мен базарларда сиыр еті орташа алғанда 2,2 мың теңге көлемінде саудаланды. Жылқы еті 2,5 мың теңгеге көтерілсе, қой еті – 2,4 мың теңгеге өсті.
Статистикаға сүйенсек, қаңтар-тамызда ет өндірісі 43 мың тонна болды, бұл былтырғы 8 айдағы көрсеткіштен 4,6 % аз. Құс етін өндіру, керісінше, 4,3 % артып, 71,6 мың тоннаға жетті.
Баға көтерілгелі елде ет тұтынушылар азайған. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша қой етін тұтыну жан басына шаққанда 10,6 % – 2,5 келіге, тауық етін тұтыну 4,4 % – 2,2 келіге дейін қысқарған. Мұның есесіне сиыр етін тұтыну жан басына шаққандағы орташа есеппен 0,9 % 11,8 келіге дейін өскені байқалады.
2021 жылғы қаңтар–тамызда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 2,9 трлн теңгені құрады. Сектордағы нақты өсім бар болғаны 2% – ды құрады. Өнімділіктің үштен екісінен астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі: 67,8% немесе 1,9 трлн теңге, нақты өсім — 3,6%.
Өңірлік бөліністе мал шаруашылығы саласында Алматы облысы көш бастап тұр: 284,8 млрд теңге – бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,8% – ға артық. Көшбасшылар қатарына Шығыс Қазақстан (259,8 млрд теңге) және Түркістан облыстары (230,8 млрд теңге) кіреді.
Energyprom.кz ақпарат агенттігінің мәліметіне жүгінер болсақ, дәл қазіргі уақытта елімізде 8,8 млн ірі қара мал басы бар, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 4,8% – ға артық. Оның 4,3 млн мүйізді қара екенін айта кеткен жөн.
Жылқы саны бірден 9,6%-ға, яғни 3,5 млн басқа өскен, 4,4% яғни 48,8 млн басқа дейін – құс,түйе – 246,6 мың, қой – 20,8 млн, ешкі – 2,7 млн басқа дейін көбейген. Ал шошқа өсірушілердің саны 1% кеміген.