Жүзден жүйрік шыққан
Спорт – өмір. Бұл қарапайым ғана тәмсілді әр алуан өрбітуге болады. ХХІ ғасырда адам баласының спортқа қызығушылығы артып келеді. Арнайы спорт залдары да, ауладағы дене шынықтыру алаңдары да үнемі адамға толы. Тіпті бала кезінен ата-анасының бағыттауымен спортқа жазылып, жас кезінде талай белестерді бағындырған жастардың қатары да ұшан-теңіз. Солардың бірі – Данияр Мұканов.
Кейіпкеріміз 2000 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. Бала кезінен қабілетін байқаған ата-анасы оны спорттың жүзу түріне қатыстыруды шешеді. 9 жасынан үлкен спортқа қадам басқан Данияр: «Мен жүзу спортына алғашқы күннен-ақ ғашық болдым», – деп өзінің ерекше махаббатын білдіреді. 10 жасында қатысқан бірінші жарысында 2-ші орынды иеленген. Ата-анасы баласының бірінші белесіне өте қатты қуанды, ал Даниярдың мақсаты әрдайым жеңіс тұғырына шығу болды. Өзінің жігері мен қайсарлығының арқасында көп ұзамай бірнеше облыстық турнирде жүлделі орындарға ие болды.
2018 жылы Данияр жоғары оқу орнына түсіп, спортпен кәсіби түрде айналыса бастады. 2019 жылы оған университет тарапынан студенттік құрамада өнер көрсетуге ұсыныс түседі. Жүзуден көпсайыс түріне ауысуды жөн санайды. Сол жылдың мамыр айында жоғары оқу орындарының арасында өткен Х жазғы Универсиадада спорттың көпсайыс түрінен 1-ші орын алды. Аталмыш турнир Өскемен қаласында жастар жылына арналып өткізілді. Универсиадаға 62 жоғары оқу орнынан 480 команда, 4025 спортшы қатысты.
Биыл мамыр айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ХІ жазғы Универсиадаға қатысуға жолдама алды. Бұл бәсеке Түркістан облысының «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деген жаңа атаққа ие болғаны үшін өткізілді. Додада 25 жоғары оқу орнының студенттері 30 спорт түрінен өзара сайысқа түсті. Бірнеше спорт шеберлерінің арасынан суырылып шыққан Данияр Қазақстан Республикасының ХІ жазғы Универсиадасында Президенттік көпсайыста, жүзу спорт түрінен 1-ші орынды қанжығасына байлады.
Данияр сынды спортшылардың арқасында қазақ спортының болашағы зор. Оның болашақ сайыстарда топ жаратынына шүбә жоқ. Тек қана алға дейміз!
Оразғали Нұрғалиев,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ, журналистика мамандығының студенті