Канадада оқыған Диана ауыл мектебінде сабақ береді

 
Канадада оқыған «Болашақ» бағдарламасының түлегі – педагог ауыл мектебінде сабақ беріп жүр.
           
28 жылдың ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам түлек білім алды. Осы уақыт аралығында бағдарлама жоғары білікті кадрлардың жаңа буынын тәрбиелеп шығарды. Олар әлемнің 200-ден астам жетекші университеттерінде білім алды.
Халықаралық бағдарламаның түлектері қазір әртүрлі қызмет салаларында, соның ішінде білім беру жүйесінде жұмыс істейді. Түлектердің арасында отандық білім беруді дамытуға өз үлестерін қосып жүрген танымал педагогтер мен ғалымдар бар.
Педагог Диана Момбаева Канададағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Калгари Университетінде білім алған. Батыстық білім алып, диссертация қорғаған жас маман Қостанай облысының Комсомольское ауылына оралып, ауыл мектебінде жұмыс істеуге шешім қабылдайды. Диана ауыл балаларымен өз білімімен бөлісе отырып, елдегі білім саласының өркендеуіне үлес қоса аламын деп санайды.
«Канадада оқып жүрген кезімде мен сондай-ақ волонтерлік қызметпен де айналыстым. Мен өзіме әрқашан «ауылым үшін не істей аламын?» деген сұрақ қоятынмын. Калгари қаласынан білім алып келгеннен кейін бірден туған ауылыма ораламын деп шешім қабылдап, ауыл балаларына ағылшын тілі сабақтарын тегін өткізе бастадым. Мен тарих пәнінен сабақ беремін, сонымен қатар мектеп директорының орынбасарымын. Бұрын мен дәл осы мектепте оқып, болашақта шетелде оқуыма мүмкіндігім болмайды деп ойлайтын едім. Бірақ білімге деген құштарлық пен өзіңе деген сенім әрқашан қалаған нәрсеге қол жеткізуіңе көмектеседі. Менің ойымша, біздің білім беру жүйесінде осы саланың дамуына үлес қосатын адамдар жетерлік», – дейді ауыл мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Диана Момбаева. 
Білім беру саласы үшін шетелде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1021 маман даярланды. Бүгінде олар бастауыш, орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓