Экстремистік материалдар сақтаған
Интернет ресурстарына мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері Тобыл қаласы тұрғынының "ВКонтакте" желісіне діни алауыздықты туындату пиғылындағы діни мазмұнға ие материалдар жариялағанын анықтады. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. «Жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша, Қостанай ауданының соты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы 2-бөлігіне сәйкес, күдіктіні 70 АЕК көлемінде айыппұл жүктеу түрінде жауапкершілікке тартты», – делінеді хабарламада.
Өңірде жыл басынан бері діни қатынастарға қатысты ұзын саны 11 заң бұзушылық анықталды. Діни және экстремистік мазмұндағы материалдарды заңсыз сақтаудың, таратудың, сондай-ақ жарғыдан тыс діни және қоғамдық бірлестіктердің қызметін жүзеге асырудың 8 фактісі бойынша облыс соттары жалпы сомасы 1 млн теңгеге жуық айыппұл түрінде заң бұзушыларды жауапқа тартты.
Қостанай облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы өңір тұрғындарына күмәнді Интернет-сайттар мен топтардан алынған діни мазмұндағы материалдарды сақтамауды және таратпауды сұрайды.