Өңірдің өрісі кең

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне өңірдің басты жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып, 2021 жылдың ағымдағы кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысын баяндап берді.
Айтуынша, жыл басынан бері облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 860,4 млрд теңгенің өнімін өндірген. Есепті кезеңде өңір экономикасына 117,0 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы, облыс бойынша құны 168,6 млрд теңгеге бағаланған 97 инвестициялық жоба ел игілігіне айналған. Соның арқасында 6,5 мың жұмыс орны ашылды.
– Орайы келгенде, облыстың экономикалық өсімінің драйверіне айналған машина жасау саласына жеке тоқталған жөн. Машина жасау үлесі өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемінің 38,5%-іне тең. Еңбек өнімділігі 2,1 есеге, трактор өндірісі 2,5 есеге, комбайн өндірісі 2,4%-ке, жеңіл автомобиль өндірісі 43,3%-ке ұлғайды.
Автоөнеркәсіп бұған дейін қолға алған көлік маркаларымен қатар, биылғы наурыз айынан бастап «KIA» маркалы жеңіл көлік құрастыра бастады. Бүгінгі таңда барлығы 3 192 көлік жиналды. Алдағы уақытта Renault, «АвтоВАЗ» АҚ-мен Lada автомобильдерін құрастыру мен сатуды ұйымдастыру жөнінде өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.
Бұдан бөлек, JAC концерні автомобильдерді жергіліктендіру мен өндіруді дамытуға шамамен $10,0 млн құюға әзір. Өткен кезеңде "СарыарқаАвтоПром" ЖШС конвейерінен барлығы 19 779 көлік құрастырылса, соның 1 672 автокөлігі экспортқа шығарылды. Биыл 60,0 мың автомобиль шығару жоспарланған, олардың шамамен 18,0 мыңы сыртқы елдерге сатылмақ, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының екінші базалық бағыты болып есептеледі. Оның ЖӨӨ-дегі үлесі 12,5%-ке тең. Салада 117 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 25%-і. Республика бойынша біздің облыс ұн өндірісі бойынша бірінші орында, сары май, сүт және қоюландырылған сүт өндіруде екінші, йогурт, сүт және ашытылған кілегей, макарон өнімдері өндірісі бойынша үшінші орында. Ет өндірісі 4,7%-ке, сүт өндірісі 2,5%-ке өскен. Жалпы, астықты өңір тамақ өнімдері өндірісінің экспорты бойынша өткен жылы республикада бірінші орын алғанын атап өткен жөн.
Облыс басшысы журналистер алдында өңірдегі автокөлік жолдарын қалпына келтіру, тұрғын үй салу, халықты жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктері жайлы тілге тиек етті. Баспасөз мәслихатында өңір басшысы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұраққа жауап берді.
 
Полина Депутова, "Қостанай" телеарнасының редакторы:
Жақында автомобиль көлігі колледжінің 9 қабатты жаңа жатақханасы ашылды. Жатақханада тұру құны қанша? Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін қандай жағдайлар жасалған?
Облыс әкімі: Ағымдағы жылдың 1 мау-сымында автомобиль көлігі колледжі жанынан 500 орындық жаңа заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Құрылысқа 1,3 млрд теңге бөлінді. Студенттерге жайлы тұру үшін екі және үш орындық бөлмелер қарастырылған, әр қабатта жеке ас үйлері бар. Ғимаратта ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге барлық жағдай жасалған – кең есік ойықтары, ыңғайлы пандус, лифт, тұтқалар.
Сабақтан тыс уақытта спортпен айналысу үшін тренажер залы, тренажерлер, баскетбол қалқаны және үстел теннисі бар спорт алаңы бар. Жаңа жатақхана колледждің басқа қаладан келген студенттері үшін орын тапшылығы мәселесін толығымен шешеді. Өйткені, колледждің 1 300 студентінің 440-ы немесе 34%-і жатақханаға мұқтаж. Аз қамтылған отбасылар мен жетім студенттер тегін тұрады. Қалғандары айына 10-12 мың теңге төлейді. Жатақхана пайдалануға берілгелі 24 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
 
Жұматай Кәкімжанов, "Қостанай таңы" газеті бас редакторының орынбасары:
Қостанай облысында жылдар бойы күн тәртібінен түспеген балаларды мектепке тасымалдау мәселесі қалай шешілуде?
Облыс әкімі: 2020-2021 оқу жылында тиісті үлгідегі мектептері жоқ 220 ауылдық елді мекенде 133 автокөлікпен 3 000 оқушыны тасымалдау ұйымдастырылды. Автомобиль паркін жаңарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Көлік сатып алуға облыстық және жергілікті бюджеттерден жыл сайын қаражат бөлінеді. Мәселен, 2020 жылы 200 млн теңгеге 13 автобус сатып алынды. Биыл облыстың 15 ауданына 235,2 млн теңгеге 18 автокөлік әпердік. Кепілдік берілген мемлекеттік нормативке сәйкес келтіру мақсатында жыл сайын оқушы саны аз мектептер жабылып, қайта ұйымдастырылады. Соңғы бес жылда 42 бастауыш және 10 негізгі мектеп жабылды. 34 орта мектеп негізгі, 25 негізгі мектеп-бастауыш мектеп болып қайта құрылды. 2020 жылы 10 мектептің жабылуы есебінен 23,5 млн теңгеден астам қаржы үнемделді.
 
Людмила Круглова, аймақтық "Костанайские новости" газеті:
Қостанай облысында медицина қызметкерлеріне жыл соңына дейін қанша пәтер бөлу жоспарланған?
Облыс әкімі: Қостанай қаласының дәрігерлеріне қазақстандық ипотекалық компания арқылы 350 жаңа пәтер бөлу туралы жасалған келісім аясында биыл 100-ге жуық пәтер бөлу жоспарланған (2020 ж. – 54 пәтер). Сонымен қатар, 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқан "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 19 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді (2020 ж. – 68 маман). Тағы 20 маман жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Өткен жылы 219 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде ҚИК бойынша – 54 пәтер, "Дипломмен ауылға" – 68, жергілікті әкімдіктер жалға беретін тұрғын үймен – 19, медициналық ұйымдар – 25 қызметтік тұрғын үймен және 53 тұрғын үйді жалға алуға ақы төлейді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓