Hi-tech –коммуналдық мекемеде
"Қостанай-Су" МКМ күн батареяларын қолдану арқасында электр қуатын пайдалануда 900 мың теңге үнемдеген.
Күн батареялары облыс орталығындағы бақылау-өткізу бекеттерін шам жарығымен және электрмен жабдықтау үшін жерасты суымен қамтамасыз ететін бірінші көтерілім аумағына орнатылған.
"Күн батареясы жобасы өзінің тиімділігін көрсете алды. Үш жыл ішінде біз 900 мың теңге үнемдедік. Мұның сыртында, күн энергиясын пайдалану бірінші көтерілімнің сорғы станциясы жұмысына деген сенімділікті арттырады. Өйткені қалалық жүйелерден соған ғана энергия жібереміз, ал басқа жүктемелер батариеяларға түседі", – дейді мекеме мамандары.
"Қостанай-Судың" аталмыш жобасы аймақта өзге әріптестерін де ерекше қызықтырып отыр. Сосын, бұл – осы мекеменің заманауи технологияларға алғаш иек артуы емес. Басшылық енгізген жаңашылдықтар қатарында SKADA қашықтан бақылау жүйесі, электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі, "Мобильді бақылаушы" қосымшасы және тағы басқа мүмкіндіктер бар.
Айта кету керек, "Қостанай-Су" жыл соңына дейін абоненттерге дербес шоттың ағымдық жағдайынан ақпарат беретін, есептеу құрылғыларының көрсеткішін жіберуге, тексеріс уақытын білуге арналған Телеграмм-ботты іске қоспақ.