Үздікке шектеу жоқ

Әлемді жайлаған індеттің елімізге де тигізген кері әсері орасан зор. Соның бір айғағы спорт саласы кенжелеп, жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шаралар өткізілмеуде. Дей тұрғанмен, әрбір істің жақсы һәм жаман жағы болатыны секілді, қалауын тауып іске асырып жатқандар да баршылық. Таяуда Алматы қаласындағы "Спорт жұлдызы" журналының ұйымдастыруымен 30-39 жастағы ерлер арасында ұлттық ойын тоғызқұмалақтан Республикалық турнир өткен еді. Аталмыш турнирге Қостанай облысы Аманкелді ауданының "Балдырған" бөбекжай балабақшасының қызметкері Оразбек Біләлұлы қатысқан болатын. Тек, қатысып қана қоймай, жүлделі екінші орынға ие болып, "Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі" атты төсбелгісімен марапатталды.
– Елімізге "Сovid 19"-дың келгеніне бір жылдан асты. Көпшілік қашықтан оқуға, электронды тапсырмалар орындауға үйренді. Талай жобалардың, ойға алған жоспарлардың жасалу жолдары өзгерді. Тіпті, үйден шыға алмай қалған сәттерге де кезіктік. "Қалауын тапса қар жанар" демекші, Алматы қаласынан онлайн түрде өткізіліп жатқан турнирге қатысу жайында басшылық тарапынан ұсыныс түскен кезде ойланып қалдым. Ойын барысында қарсыласпен бетпебет отырып, амалшарғысын, психологиялық әдісін бақылап отырмағасын қалай болар екен деген ой келді. Бірақ тәуекел етіп, келісім беріп қатыстым. Нәтижесі жаман емес, бірінші орын бұйырмаса да, екінші орынды місе тұттым. Компьютер алдына отырып, құмалақтарды тінтуірге, ұяшықтарды экранға айырбастау қызық екен, – дейді Оразбек Біләлұлы.
Республикалық байқау қашықтан өткізілген себепті төсбелгі, куәлік және диплом Қазпошта арқылы жеткізілді.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
жас тілші.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓