Жақсылықтың жаршысы
Былтырғы қараша айында «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Бірлестік бір жылдың ішінде түрлі қайырымдылық акцияларға белсене қатысып, көпке үлгі боларлық шаруаларды атқарған. Өзге де бастамалары туралы ұйым төрағасының орынбасары Гүлжәмила Сүндетбаевамен сөйлесіп, әңгімелескен едік.
– Гүлжәмила Мұратқызы, жаңа бірлестіктің бағыт-бағдары, мақсат-мұраты қандай? Әңгіменің әлқиссасын осы сауалдан бастасақ.
– Біздің бірлестік Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының жанынан ашылды. Құрамында он адам бар. Олар – өңірімізге белгілі азаматтар, қоғам белсенділері. Ал төрағасы өңірімізге белгілі ғалым, ұстаз, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУдің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып. Біздің мақсатымыз өзге этнос өкілдеріне қазақ халқының салтдәстүрін дәріптеу, еліміздің береке-бірлігін насихаттау. Әсіресе, жас толқынға дұрыс бағыт көрсетіп, тәрбие беру. Бірлестіктің тұсау кесерін былтыр бесікке салу рәсімімен жасаймыз деп ойлаған едік. Өйткені, қазақ халқы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, Отанның болашағын отбасындағы тәрбиеден бастаған ғой. Алайда, сол кездегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты ауқымды іс-шараны қоя тұруға тура келді. Мұнымен қоғамдық бірлестіктің жұмысы тоқтап қалған жоқ. Қайырымдылық акцияларына қатыстық. Сол кезде «Біз біргеміз!», «Біз үйдеміз» акциялары өтіп жатты. Игі іске тамшыдай болса да өз үлесімізді қосайық деген ізгі ниетпен біз де қатыстық. Ауруханалардағы дәрігерлерге ыстық тамақ, тәтті тағамдарымызды апардық. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға азықтүлік жеткізіп, аздыкөпті жәрдемімізді тигізуге тырыстық. Сонымен қатар, «Набережный» саябағындағы «Достық» аллеясында көшек отырғызу жұмыстарына қатысып, «Мектепке жол» акциясы аясында үш отбасының балаларына оқу құралдарын, киім-кешегін алып бердік. Оған демеушілік жасаған облысқа белгілі кәсіпкер Мәди Ихтиляпов. Кәсіпкерге алғысымыз шексіз.
Қазір қашықтан жұмыс істеп жатырмыз. Онлайн режимде іс-шаралар өтіп тұрады. Алдағы жоспар уақыттың еншісінде. Негізгі мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.
– Өзіңіз Ассамблея жанындағы «Аналар кеңесінің» мүшесісіз. Әрі мемлекеттік тілдегі психологсыз. Осы бағыттағы жұмыс барысында қандай мәселелерге кезігесіз?
– Дұрыс айтасыз, мен қазақ тіліндегі психологпын. Қостанай облысында мемлекеттік тілде сөйлейтін психологтар тапшы. Көпшілігі орыс тілді. Сондықтан, мені оқушылар, студенттермен кездесулерге жиі шақырып тұрады. Сот істеріне де шақырады. Жастармен кездесулерде қыз тәрбиесі, үй тәрбиесі жөнінде ой бөлісемін. Жеткіншек қыздарға ана болу тақырыбында ақыл-кеңесімді айтамын. Ал сот істерінде ажырасуға арыз берген жұбайларды татуластыруға тырысамыз. Өз тәжірибемде ажырасуға шақ қалған бір отбасының сақталып қалуына себепкер болдым. Қиын сәттегі қолдауым үшін ерлі-зайыптылар әлі күнге алғыстарын айтады.
– Сот істерінен қандай ой түйесіз? Ажырасудың негізгі себебі қандай?
– Қазір ажырасу деген өте өзекті мәселеге айналды. Жастар да, үлкендер де қалысып жатқан жоқ. Әсіресе күні кеше ғана шаңырақ көтеріп, бір-екі жылға жетпей сотқа жүгіретін жастар көп. Сондай ситуацияларға шақырып жатса барып, өзімнің ақыл-кеңесімді айтамын. Ерлі-зайыптыларды бітімге шақырамын. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бір отбасы болған соң қиындаққа мойымай, бірге еңсерген дұрыс. Кей жағдайда ажырасуға жастарды ғана кінәлау қате пікір. Өкінішке қарай, ата-аналар да, оның ішінде ана-енелерге де көп сабақ үйрену керек. Осындай жағдайларды көре отырып болашақта аналар, енелер клубын ашқым келеді. Отбасының жауапкершілігін, шаруасын ұлға, қызға, келінге міндеттеп қоюға болмайды. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсеп…», «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Келін де біреудің әлпештеп өсірген қызы. Шаңыраққа түсе салысымен түртпектей бермей, күліп қарсы ал. Мейірімділік көрсет. Білмегенін бетіне баспай, ақырын үйретіп жібер. Үлгермей жатса көмектес. Мұндай жақсылықты көрген келін ешқайда қашпайды.
Біз бәрін жастарға итере саламыз. Өздері қосылды, өздері шешті, бәріне өздері кінәлі дейміз. Кінә ата-анадан да бар. Өзім отыз үш жыл келін болдым. Енеммен бірге тұрдым. Енем марқұм жақында қайтыс болды. Жиырма жасымда келін болып түскенде көп нәрсені білмейсің. Таңертең жұмысқа кетемін, кешке үйге келгенде тамақ дайын тұратын. Үй жинаулы, кір жуулы. Таңертең барлық шауаны тастап жұмысқа жүгіремін. Кешке келсем үйдің тірлігін енем атқарып, жалтыратып қояды. Ешқашан менің қателігімді бетіме баспапты. Аналар үйдің берекесін келтіріп отырса шаңыраққа келген келін де бөтенсімейді. Мен, сен демей алғашқы екі-үш жылда ене келінге үйретсе, ақылшы болса жақсы ғой.
Біз бір үйде төрт ұрпақ тұрамыз. Енем, мен, келінім және немерем. Енем жақында қайтып кетті. Ал мен енемнен көргенімді келініме сіңірудемін. Келінімді өзімнің баламдай қарсы алдым. Жұмыста жүрсе тамағын дайындап, үйді жинап, немерені бағып қоямын. Жұмыстан келген келінім осы тірлікті көріп көңілі де жайланады. Егер ана дана болса шаңыраққа шаттық орнайды. Осыны ұмытпайықшы.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.