Күлі де кәдеге жарайды

Биылдан бастап Арқалық қаласы өз тарихында алғаш рет көмірмен жылытылады. Қыркүйек айында қолданысқа енгізілілуі тиіс қазандық құрылысына мемлекет қазынасынан 7,5 млрд теңге қаржы бөлінген.
Арқалық жылу электр орталығының қайта құру жұмыстарына қатысып жатқан мердігерлердің қатарында: «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС, «СейсмоСтройЗащита» ЖШС, «ДОСАН» ЖШС, «Азия автоматика» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.
Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ернұр Есмағанбетовтің мәлімдеуінше, бүгінде қалада қыстан қалған 747 тонна мазут бар. Күзге дейін тағы 2 мың тонна сұйық отын жеткізу жоспарланып отыр. Бұл резерв жылу жүйесі қазандықтарын алмастырудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Бұған дейін жыл сайын орташа алғанда, бүкіл жылу беру маусымы үшін қалаға шамамен 22 мың тонна мазут керек болатын. Ал, көмірге көшу кезінде 40 мың тонна қатты отынға қажеттілік туады. Келесі жылыту маусымының басталуына келетін болсақ, ол қыркүйек айына жоспарланған. Алайда, бірқатар объективті себептер бойынша жаңа жылу беру маусымы қазан айының басына түсуі мүмкін. Себебі, жаңа қазандықтың беріктігін тексеріп қана қоймай, көктемгі және күзгі кезеңдерде қысымды сынау қажет болады.
Жаңа қазандықта пайда болған күлді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмайды. Күл құрылыс материалы ретінде шлак блоктарына өңделеді.
Жалпы, Арқалық ЖЭО-ын қайта құру қазандықты пайдаланумен ғана шектелмейді. Белгіленген бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қаланың инженерлік жылу желілері 100 мың тұрғынға есептелген диаметрден кіші көлемге ауысады. Ішінара айтқанда, Северный су қоймасынан өндірістік сумен толықтыруға 8 км құбыр салынады. Сонымен қатар, қала маңындағы жеке секторға жататын шағын аудандардың тұрғындарын жылу магистральдеріне қосу арқылы тұтынушылардың санын арттыру көзделген.
Қазіргі уақытта Арқалық жылу электр орталығы сағатына 3,3 мвт электр энергиясын өндіреді. Негізінен бұл энергия жылу компаниясының өз қажеттілігі үшін де, қаланы электр қуатымен қамтамасыз ететін «Қостанайэлектросервис» кәсіпорыны үшін де тиімді.
 Болашақта «Арқалық ЖЭК» 6-7 мвт-қа дейін электр қуатын өндіре алады деп жоспарлануда.
Мұрат
 Жүнісұлы
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓