“Жалған ақпар!” Колледж директоры желідегі жазба туралы пікір білдірді
Әлеуметтік желіде Қостанай жоғары политехникалық колледжінің директоры Каткенов Құсайын Амангелдіұлы қызметкерлер мен студенттерге сайлау күні бірнеше мәрте дауыс беруге нұсқау бергені туралы жазба жарияланды. Бұл хабарды оқу орнының басшысы жоққа шығарып отыр.
"Фейсбук әлеуметтік желісінде "2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс депутаттарын сайлауын жоспарлау кезінде оқытушылар мен студенттерге қысым көрсетті" деп мені айыптаған жалған ақпарат тарап жатыр. Мені және біздің колледж қызметкерлерін ҚР заңнамасын бұзды деп айыптау шындыққа мүлдем сәйкес келмейді. Қазір кез келген азаматты әлеуметтік желілер арқылы заңды бұзды деп айыптау, адамға деген сенімге нұқсан келтіру оңай шаруа болып кетті. Біздің колледж ұжымы әрқашан студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын, пікірін білдіруге қарсы болған емес, азаматтардың құқығы сақталса дейді. Колледжде жауапты және лайықты команда бар екенін бәрі біледі. Ал мұндай жазбалар менің беделіме ғана емес, әріптестерім мен студенттеріме де нұқсан келтіреді. Жалған ақпарат тарату әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертемін", – деп жауап берді Құсайын Каткенов.
Желі қолданушыларының көбі колледж директоры мен ұжымның заңсыздыққа бармайтынына сенетінін жазып жатыр. Білетіндер оқу орнының басшысына қолдау білдіріп, жұртшылықты фейк-ақпарға нанбауға шақырды.
"Сайлау комиссиясының мүшесі ретінде мен колледж басшысынан мұндай бұйрық түспегенін сенімді айта аламын, бұл өрескел әрі жалған айыптау, бұл дұрыс емес!", – деп жазды Юлия Матвиенко. Ал Айгүл Сегізбаева: "Мен ҚР Президентін сайлау кезінде Қостанай жоғары политехникалық колледжінде учаскелік комиссияның төрайымы болдым. Сонда Құсайын Амангелдіұлы сайлауды заңға сәйкес өткізуді талап еткен еді. Сондықтан, менің ойымша, оның осы осы сайлауда да заңға қайшы қандай да бір тапсырма беруі мүмкін емес", – деген пікір қалдырды.