Аймақта қандай хабар бар?
Еңбегіне ақы ала алмай жүр
Облыста. Тоғыз ай ішінде алты аудан және екі қалада жалақыны уақытылы төлемеу дерегі тіркелді. Жұмыскерлердің жалпы алашағы – 118 млн теңге. Мұның ішіне тиісті айлығын ала алмай жүргендердің нәпақасы және құррдымға кеткен кәсіпорындардың бұрынғы қызметкерлерінің маңдайақысы бар. 186 тексеріс жүргізіліп, 115 құқық бұзушыға хаттама толтырылып, 12,9 млн теңге айыппұл салынған.
Электронды төлем арзанырақ
Қостанай. Қаланың маршрутық автобустарына валидаторлар орнатылған соң электронды жолақы өзгереді. 7-15 жастағы балалар 40 теңге төлемек. Зейнеткерлер үшін жол құны 10 теңгеге қысқарады. Қалған жолаушылар үшін сол баға, 80 теңге сақталады. Егер картасыз, яғни қолма-қол төлем жасағыңыз келсе, 150 теңге шығындайсыз. Картаны 370 теңгеге сатып алу мүмкін болмақ.
Екі балабақша ашылады
Қостанай а. Заречный кентінде "Жылқыбаев" ЖК-нің 90 орындық жеке балабақшасының құрылысы аяқталу алдында. Таяуда кішкентай тұрғындарға есігін айқара ашпақ. 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал Тобыл қаласында "Строй Хаус 2019" ЖШС-нің "БК Киндер" атты 120 орындық жеке балабақшасы ашылады. Мұнда 29 адам жұмысқа орналаспақ.
Қос мерейтой
Б.Майлин. Биыл Б.Майлин атындағы аудандық орталық кітапхананың 80 жылдығы аталып өтпек. Сондай-ақ, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрылғанына 40 жыл толады. Осыған орай 12 мыңға жуық оқырман үшін кең ауқымды шаралар өткен. Мәселен, ашық есік күні және қызықты лотореялар, тосынсыйға толы ойындар ұйымдастырылды. Шаралар жалғаса береді. Жалпы, аудан көлемінде 21 кітапхана бар.
Елік атқандар ұсталды
Қарабалық. Аққұдық ауылы маңында екі сібір елігін атып алған браконьерлер ұсталды. Күдіктілер аудан орталығының 26 және 29 жастағы тұрғындары болып шықты. "Олжалары" олар мінген "ВАЗ" көлігінің жүксалғышынан табылды. Тексеру барысында тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Заңсыз аң аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ажарын қоқыс ұрлап барады
Рудный. Қала басшылығы бастаған мониторинг қорытындысы тазалық жағдайының нашарлап кеткенін көрсетті. Қаладағы көптеген қоқыс контейнері адам қарағысыз күйде, аулалардың жинақысыздығы да көзге түскен. Контейлерлердің басым бөлігіне "Рудный-Ажар-2006" ЖШС жауап береді. Бірақ жәшіктер жетіспейді, ал тұрғындар қоқысты далаға тастауға мәжбүр. Жергілікті билік бұл мәселені мықтап қолға алғалы отыр.
Кешен өртенді
Алтынсарин. Зуев ауылындағы бидай тазалау кешенінде өрт болды. Ауқымы 150 шаршы метрді қамтыған өртті сөндіру оңай болмады. Қатты жел кедергі келтірді. Қызыл жалынмен күресуге алтынсариндық және сарыкөлдік өрт сөндірушілер жұмылдырылды. Ағаш құрылыстарға ауыз салған алау бет бақтырмады. Құтқарушылар өртті өшіруге 2 сағат 20 минут күш жұмсады.