Барынша жағдай жасалған

Қостанай облысында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 медициналық-әлеуметтік мекеме (бұдан әрі – МӘМ), оның ішінде өмірдің қиын жағдайындағы адамдарға қызмет көрсететін 11 мемлекеттік стационар жұмыс істейді. Бұл санатқа қарттар мен мүгедектер, психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балалар да кіреді.
Қызмет алушыларды интернетпен, Wi-Fi желісімен қамтамасыз ету бүгінгі басты міндеттердің бірі болып отыр. Барлық 11 МӘМ қолжетімді жерлерде «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» жасалған. Онда «E-gov» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін желіге шығуға, Әлеуметтік қызметтер порталында оңалтудың техникалық құралдарына тапсырыс беруге, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жақын-жуықтарымен байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Заманауи технология тілін меңгермегендерге әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар көмектеседі.
МӘМ
Сонымен қатар, көрсетілетін қызмет алушылардың, әсіресе, қарт адамдардың WhatsApp мессенджері арқылы туыстарымен өз бетінше сөйлесуі үшін телефон-смартфондарды пайдалануға үйрету жұмыстары жүргізілуде.
Жылдан-жылға МӘМ материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсарып келеді. Тағдырдың қалауымен мемлекеттік мекемелерде тұратын адамдар үшін үйдегідей жағдай жасалуда. Барлық бөлмелерде адамдардың қалауына сай теледидарлар, тоңазытқыштар және басқа да қажетті тұрмыстық заттар бар. Көрсетілетін қызметті алушылар бекітілген тамақтанудың табиғи нормаларына сәйкес бес реттік тамақпен қамтамасыз етілген. Медициналық қызметкерлер қамқорлықтағылардың денсаулық жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізеді. Қажет болған жағдайда денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандары медициналық консультация беруге дайын.
Созылмалы, үдемелі аурулары бар немесе аурудың терминалдық сатысындағы адамдарды үздіксіз бақылау үшін паллиативтік көмек палаталары бар, онда мейірбикелер процедураларды қызмет алушыларға қандай да бір зиян келтірмей, барынша ұқыптылықпен және сақтықпен жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында қазіргі уақытта МӘМ онлайн тәртібінде бейнебақылаумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Қостанай облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№2 Рудный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ психоневрологиялық ауытқулары бар 150 адам толық мемлекеттік қамсыздандыруда. Орталықта 50 бейнекамера орнатылған. Оның ішінде орталықтың аумағы мен периметрін шолатын 9 бейнекамера, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету кабинеттеріндегі 11 бейнекамера бар. Қалған камералар дәліздер мен өтпелі үй-жайларда орнатылған.
Тәжірибе көрсеткендей, бейнебақылау жүйесінің көптеген артықшылықтары бар. Қызмет алушылар тәулік бойы бақылауда, бұл олардың эмоциясын және физикалық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Дау-жанжал жағдайларында бейнекамералар арқылы көрсетілетін қызметті алушылардың, МӘМ қызметкерлері тарапынан да жанжалға қатысушылардың жауапкершілік дәрежесі оңай белгіленеді.
Қазіргі уақытта туыстарының бейнебақылауға қол жеткізуі бойынша бағдарламалық қосымшаны қосу пысықталуда. Аталған бағдарлама МӘМ қабырғасында өз жақындарының өмірін байланыссыз бақылауға мүмкіндік береді, бұл СОVID-19 бойынша қалыптасқан жағдай кезеңінде өте өзекті. Сонымен қатар, бұл МӘМ жұмысын жақсарту үшін орталық әкімшілігіне қызмет алушылардың туыстарынан ескертулер мен ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді.
Медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметін жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады.
Ә.МЕКЕБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы басшысының орынбасары

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓