Ақынға бір ескерткіш керек-ақ
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды. Енді бұл күн мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізіліп, жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтеді. Бұлай болуы заңды да. Еліміз егемендік алғаннан кейін мәдени құдылықтарымыздың жаңғыруына жол ашылды. Әсіресе, сол тұста Елбасымыз рухани мұрамыздың темірқазығы болар Абай шығармашылығына баса назар аудару керектігін айтып, көрегендікпен бастама жасай білді. Хәкім Абайды республика жұртшылығына ғана емес, әлем елдеріне таныту абыройлы міндетіміз екенін ұғындырды. Осылайша, тоқырау жылдарындағы қиын кезеңге қарамастан Абайдың 150 жылдық мерейтойын Юнеско көлемінде тойлатып, ұлы ақын мұрасын әлемге паш еткенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ал, биыл ұлы ақынның туғанына 175 жыл. Соған орай, биылдан бастап елімізде 10 тамызды Абай күні деп атаудың өзі зор мақтаныш. Өкінішке қарай, қазіргі коронавирус індетінің таралуына байланысты ақынның мерейтойы тек онлайн іс-шаралармен ғана шектелмек. Әрине, Алла қаласа бұл індеттің де беті қайтып, бұрынғы мамыражай кезімізге оралып, басымыз аман болса Абай күнін дүркіретіп атап өтетін күн де туар. Бір қуанарлығы, қазіргі қиын жағдайға қарамастан ақынның 175 жылдығына орай, еліміздің әр өңірінде ескерткіш тұрғызу, аллея салу сияқты игілікті істер атқарылып жатыр. Біздің Қостанайдағы көпқабатты үйлер мен саябақтарда да Абайдың портреті салынды. Дегенмен, болашақта облыс орталығында ұлы ақынға тағзым етердей бір еңселі ескерткіш тұрғызса қандай ғанибет болар еді. Себебі, әлем таныған ұлы ақынға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.
Альмира ЖАНСҮГІРОВА
Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры
Облыстық мәслихаттың депутаты