Сындарлы саясат нәтижесі
Қазақстан Республикасы ширек ғасырдан аса уақытта өзгелер ұзақ уақыт бойы қол жеткізетін мақсаттарға жетіп, үлкен белестерді бағындырды. Ол Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сындарлы саясаты деп білеміз. Осы арада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласы аса өзекті.
Себебі дербестік алған уақыттан бері Қазақстан күллі әлем мойындаған беделді елге және бейбітшілік белдеуіне айналды.
Тәуелсіздік алған өзге елдер идеологиялық және конфессиялық айырмашылықтардың себебінен теріс ықпалына ұшыраған кезде, елімізде 120-дан астам этнос тату өмір сүріп, әлемге үлгі болатын Қазақстан Халқы Ассамблеясы институтын құрды. «Бүгінде барша әлем Қазақстанды қарқынды интеграцияның қатысушысы және бейбіт ел ретінде біледі», – дейді өз мақаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық реформалардың қозғаушы күші де, кепілі де өзі болды. Сондықтан, тәуелсіздің тұғырында еліміз құқықтық реформаларды сәтті жүзеге асырып, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған шараларды қолға алды.
Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары жасалып, 2012 жылы еліміздің жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданды. Бүгін біз бұл жұмыстың жемісін білім беру саласында көріп отырмыз:
– оқу және білім беру бағдарламалары, жаңа буын оқулықтары әзірленді, ұлттық стандарттар енгізілді;
– жыл сайын мектептер мен балабақшалар ашылып, Назарбаев зияткерлік мектептері іске қосылды;
– «Болашақ» халықаралық стипендиясы енгізілді, соның арқасында студенттеріміз шетелде білім алуға мүмкіндік алды;
– Қазақстан Болон процесінің қатысушысы болды, корпоративтік басқару қағидалары енгізіліп, ЖОО академиялық еркіндік алды.
Осының барлығы адами капиталдың дамуына және қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал етеді.
Мақалада бөлек Н.Ә. Назарбаевтың әлеуметтік саясатына назар аударылды. «Нұр Отан» партиясымен бірлесе «Бес әлеуметтік бастаманы» қолға алып, өзіміз бұл саясаттың іске асырушылары болып отырмыз.
Қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін «7-20-25» бағдарламасы ұсынылып жүзеге асырылуда. Оның арқасында, тек Қостанай облысы бойынша 1 мыңға жуық отбасы өз пәтерлеріне ие болды. Оған қоса биыл «Жас отбасы» бағдарламасы жарияланып жастарға үлкен мүмкіндік беруде.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатымен біліп беру бағдардамалары жаңадан қарастырылып, оқытушылардың жалақысы мен студенттердің шәкіртақысы жыл сайын артуда, гранттар бөлінуде. Студенттердің жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін ескере отырып, Қостанай мемлекеттік университетінде 700 орынға бағытталған жаңа заманауи жатақхана салынуда.
Қазіргі аумалы-төкпелі заманда біздің бағытымыз айқын. Барша әлемді дүрт еткен пандемиямен күрес жалғасып жатыр. Елбасы осы сындарлы кезеңде де елімен етене екенін білдіріп, өзі жетекшілік ететін Nur Otan партиясының жалпыхалықтық «Біз біргеміз!» акциясын жариялады. Қазақстандықтармен бірге екендігін көрсетті.
Бүгін әрбір азаматымыздың мақсаты сақтық шараларын сақтап, елімізге көрсету. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз.
А. Дощанова, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректоры,
облыстық мәслихат депутаты