Боз кілемде бақ сынасты

IMG_0592Рудный қаласының "Горняк" спорт кешенінде 1998-1999 жылдары туылған жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир басталды. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі дода атақты спорт ардагері, еркін күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушы Бекбосынов Өтебек Мырзақұлының құрметіне арналып отыр.
Өтебек Бекбосынов негізгі мамандығы зоотехник болғанымен, саналы ғұмырын еркін күреске арнаған азамат. Оның тәрбиелеген Серікжан Бекбосынов, Тілеуберген Дүйсенов, Берік Бекмағанбетов, Жасұлан Мусин, Батыржан Шаяхметов, Марат Жұмабаев, Тойлыбек Ершебаев, Жанғали Нұрмағанбет секілді жүздеген шәкірттері түрлі дәрежедегі байрақты бәсекелерде топ жарса, ҚР спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы Сәндібек Сәрсенов ұстазының жолын жалғастырып, Қостанай облысында еркін күрестің дамуына өлшеусіз үлесін қосып келеді.
Айта кетерлігі, биылғы бәсекеге Қостанай, Рудный, Лисаков, Жітіқара қаласы мен Қамысты, Денисов, Сарыкөл, Қарасу аудандарымен қатар Астана, Көкшетау, Есіл, Щучинск, Хромтаудан келген жас спортшылар қатысып отыр. Турнирдің ашылу салтанатында сөйлеген ел ағалары турнир иесіне өздерінің жүрекжарды құттықтау ле-біздерін жеткізді. Олардың арасында қалалық мәслихат хатшысы Валерий Лощинин, "Нұр Отан" партиясы Рудный қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Самат Байғожин мен дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Қазбеков те болды.
Осыдан соң турнирдің бас төрешісі, білікті бапкер Азамат Кәрімовтың жетекшілігімен палуандар бәсекесі басталып, жүзге таяу жас жеткіншек 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтауға кірісті. Екі күнге созылған турнирде Шыңғысхан Ашимов (32 кг салмақ дәрежесінде, Астана), Те-мірлан Қазағұлов (35 кг с.д., Рудный), Сағыныш Өтеуов (38 кг с.д., Хромтау), Берік Қазиев (42 кг с.д., Астана), Сағадат Абаканов (47 кг с.д., Есіл), Алишер Мекебаев (53 кг с.д., Қамысты), Асылбек Төреғалиев (59 кг с.д., Хромтау), Владислав Тарасенко (66 кг с.д., Есіл), Руслан Шаймерден (73 кг с.д., Есіл), Бекқали Өмірзақовтар (85 кг с.д., Рудный) топ жарып, өз елді мекендерінің намысын абыроймен қорғап қайтты.
 Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓