Дычко мен Кличко жұдырықтасты
Қостанайлық боксшы Иван Дычко украиналық Владимир Кличконың командасының арнайы шақыруымен Австрияда болып, 2 апта бойы жаттығу жұмыстарын өткізді. Танымал боксшы Кличко британиялық Тайсон Фьюриге қарсы қарымта кездесуіне дайындығын пысықтау үшін Дычконы да шақырыпты, деп хабарлайды BNews.kz сайты.Кличко спарринг серіктес ретінде отандасымыздан бөлек, тағы 6 кәсіпқой боксшыны шақырған. Жаттығу жұмысына қатысқан спортшылардың айтуынша, Иван олардың арасында жалғыз әуесқой боксшы болғанына қарамай, жақсы өнер көрсеткен.
-Жаттығу өте жоғары деңгейде өтті. Владимир Кличко секілді тәжірибелі боксшымен қолғап түйістірудің өзі – бір мәртебе. Бір "әттең-айы" – Кличко мен Тайсон Фьюри арасындағы жекпе-жек кейінге шегерілді, бұл кездесудің қашан өтетіні әзірге белгісіз болып отыр. Осы жаттығу кезінде көп тәжірибе жинақтап қайттым. Алдағы уақытта тағы да осы сынды жаттығу жұмыстары болып жатса, міндетті түрде қатысамын,- дейді И.Дычко.
Айта кетейік, қазір 25 жастағы боксшымыз тамыз айында басталатын Рио Олимпиадасына қызу дайындалып жатыр. Ол 91 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғайды.