Көрсеткіш еселенуі тиіс
Облыс өткен жылды жаман қорытындылаған жоқ. Көптеген көрсеткіште алға ілгерілеу басым. Тіпті, 2019 жылы астықты өңірде өнеркәсіп өнімдерін көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Бірақ, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұған тоқмейілсуге болмайтынын айтты. «Жетістіктеріміз көп, алайда, етектен тартқан кемшіліктер де аз емес. Ең алдымен соны түзетуіміз керек", – деді ол аппарат кеңесінде.
Облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуының қорытындысы мен биылғы жылға межеленген тапсырмалар жөнінде баяндаған облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Гүлбарам Мұсағазинаның айтқанындай, өңірде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 15,3%-ке, құрылыс жұмыстары 6,6%-ке, тұрғын үй салу – 12,1%-ке өскен.
-Өңір экономикасына 288,1 млрд теңге тартылды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3,6%-ке артық. Бұл ретте, сыртқы инвестициялардың 2,4%-ке ұлғайғанын айта кеткен жөн. Сыртқы сауда айналымы 13,8%-ке артып, 2,1 млрд АҚШ долларына жетті. Агроөнеркәсіп саласында мал шаруашылығы өнімін өндіру 1,9%-ке ұлғайды. Алайда, астық түсімі 32,8%-ға төмендеді. Бұл былтырғы құрғақшылық жағдайына байланысты,- деді Г.Мұсағазина.
Баяндамашының сөзіне қарағанда бірқатар ауданның көрсеткіші төмен. Өнім өндіру көлемі азайған. Инвестиция тарту қарқыны баяу. Көш соңында қалған өңір басшылары бұған былтырғы қуаңшылық себеп дегенді алға тартады.
«Егіннің шықпай қалуының кесірінен түзген жоспарларымыз жүзеге асқан жоқ»,-деп баяндады аудан әкімі Б.Нұрғалиев. «Тұрғын үй салуға егіннің қандай қатысы бар? Жұмыс жүйелі жүргізілмеген»,-деді аймақ басшысы. Науырзым ауданында да жағдай осы тақылеттес. Аудан әкімі Т.Кәрбозов та бар кінәні егіннің шықпай қалғандығына жапты. Мұнда да экономикалық көрсеткіштер төмен. Кәсіпкерлермен нақты жұмыс жүргізілмейді. Керісінше, арыз-шағым айтушылар көбейген. «Кәсіпкерлерге қысым жасағанша, оларға көмектесу керек. Жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Көрсеткіштеріңіз көңіл көншітпейді»,-деді А.Мұхамбетов. Аудан басшыларының өздері ешқандай бастама көтермейді, жүктелген тапсырмалар да орындалмаған. Науырзымда негізгі капиталға салынған инвестиция (жеке индекс көлемі 83 %) аудандар бойынша соңғы орында тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 73%-тен аспайды. Бұл да ең төменгі нәтиже.
Біздің облыс өткен жылдың қорытындысы бойынша өнім өндіру көлемі бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Осы көрсеткіш төмендемеуі тиіс. Өңірлерде «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тарту мәселесіне қатты көңіл бөлген жөн. Осылайша бюджеттен шығатын шығынды азайту керек деді облыс басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ