Kundelik.kz: көптің көкейіндегі көп сауал

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Kundelik.kz жүйесіне қатысты көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. inx960x640«Kundelik.kz бағдарламасын толтыру үшін кейбір ауылдағы ұстаздар интернет болмағандықтан үйдің шатырына шығады. Болмаса қалаға интернет іздеп келеді». ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында осы мәселеге қатысты Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қариноваға сұрақ қойылды.
«Бұл сұраққа байланысты министрліктің нақты позициясы ведомствоның бұйрығында көрсетілген. Егер мектепте, сол тұрғылықты ауылда интернет жоқ болса, ол мектептер күнделіктерін, журналдарын қағаз түрінде толтыруы тиіс. Бүгінгі күні мектептерде оның бірнеше электронды жүйесі бар. Әрине, көп тарағаны – «Kundelik» жүйесі. Сондықтан, «Kundelik» туралы көбірек айтылады. Қазіргі заман электронды жүйенің қажет екенін көрсетіп отыр. Электронды журналдардың үш жүйесі бар. Әрине, интернеті жоқ ауылдарға министрліктің тарапынан айтып отырмыз: интернет жоқ болса, ол жерде электронды журнал да болмайды», – деді Шолпан Қаринова.
Вице-министр өз сөзіне дәлел ретінде электронды жүйенің жақсы тұстарын келтірді.
«Себебі, электронды журналдар арқылы әр ата-ана баласының оқуының нақты нәтижесін көріп отыр. Екіншіден, мұғалім мен мектеп әкімшілігі, директоры – нақты білім сапасына жауап беретін тұлғалар. Осы кісілер толық талдауды осы электронды жүйе арқылы көре алады. Бұл өте қажетті жүйе. Біз оны ары қарай дамытуымыз керек», – деді ол.
Сонымен бірге, «Kundelik» порталында оқушыға қойылып кеткен қате бағаны мұғалім қайта түзей алмайтын көрінеді. Вице-министр бір қойылып кеткен бағаны өзгерту мүмкін емес екенін мойындады.
«Мұғалімдер бағаны өзгерте алмайтынын айтып, шағымданады. Иә, келісеміз. Олар түзей алмайды. Өйткені, электронды жүйе мұғалімнің барлық пәрменін, белгісін түртіп алып енгізеді. Баға өзгермеуі керек. Біріншіден, бағаның өзі сабақ барысында қойылуы керек. Мұғалім алдымен жұмыс дәптеріне бағаны қойып алып, осыдан кейін журналға көшіруі тиіс. Ал егер қате еніп кетсе, нұсқау хатына сай, бұл өзгерістерді нақты негіз болған жағдайда енгізуге болады», – деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бүгінде оқушылардың білімін бағалау үшін қолданылып отырған бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалаулар (БЖБ/СОР және ТЖБ/СОЧ) тәртібін түсіндіріп берген болатын.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓