Қатепті қара нар…

5 қазан күні Амангелді ауданындағы Сатыбалды ишан мешітінде Қазақ журналистикасының қайраткері, Амангелді ауданының құрметті азаматы Хамитбек Мұсабаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қаралы жиынға алыс-жақыннан мыңдаған адам қатысты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Досанов Хамитбек Қуандықұлының өңірге сіңірген еңбегіне, кісілік келбетіне, қажырлы істеріне тоқталды.
– Жанымдай жақсы көретін жайсаң жақсы інім, талантты шәкіртім Хамитбектің дүниеден озғаны бәрімізді есеңгіретіп тастады. Хамитбек бір ауданның ғана емес, бар қазақтың ортақ перзенті еді. Оның таланты мен еңбегін халық та, билік те жоғары бағалады. Еңбектерін елі біледі. Алаш ардагерлерінің мұрасын жете зерттеп, олар жайлы отты өлең, поэмалар жазды. Дәрігерлер аянып қалған жоқ. Амал не, адамзаттың дұшпаны – арсыз ажал алып тынды. Сенімен қоштасу сапарында сөз сөйлеймін деп кім ойлаған. Жаның жәнатта болсын, бауырым! – деді жазушы.
IMG_20191005_100634
Аудан басшысы Әмірхан Асановтың сөзінше, соңғы сапарға шығарып салу діни рәсімі Сатыбалды ишан мешітінде бірінші рет өткізіліп отыр. Бұл – Алаш азаматына жасалған құрмет!
Облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков:
– Әріптесіміз, төл  журналистиканың талантты перзенті Хамитбек келмес сапарға аттанды. Бойында шығармашылық жалыны мен арыны  мол, тарлан  тартқан  ақтангер, жарқын жүзді Хамитбек  көз  алдымызда.  Қостанай өңірінің сүйікті басылымы "Қостанай таңының" Аманкелді ауданындағы көзі мен құлағы болғанына аттай 17 жыл  екен. Хамитбектің бір өзі тұтас редакция болатын. Ол бүкіл ғұмырын төл журналистикаға сарп  етті. Мың-мыңдаған жолжазба – мақалалар, очерктер, эсселер мен толғаулар оқырман жүрегіне жол тапты. Оның жазғандарында жанға жылы тиетін леп бар еді. Хамаң журналистиканың қатепті қара нарындай өңір шежіресін жалықпай, жанкешті жазды. Аманкелді-Торғай өңірінде оның қаламынан мың-мыңдаған ер-азамат, небір абзал адамдар  өз алдына, жер-суы, шалқар даласының әр түп жусанына дейін сыр болып ағытылып, жыр болып төгілді. Хамаң асқақ армандарын, еліне деген махаббатын жұдырықтай жүрегінде өзімен бірге ала кетті. Жазмыштан озмыш жоқ. Бақұл бол, қаламдас дос! – деді.
Жанұзақ Аязбекұлы ҚР Жазушылар одағы төрағасының көңіл айту хатын жеткізді. Сонымен қатар, жыл сайын Х.Мұсабаев атындағы жыр мүшәйрасын өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Хамитбек Қуандықұлы туралы сөз сөйлегендердің қатарында Мұхтар Ходен, Жақсылық Ғайсин, Жалғасбек Сүлейменов сынды ел ағалары болды.
Еске салсақ, Хамитбек ағамыз 2 қазан күні шамамен сағат 20:00-де Аманкелді ауданындағы өз үйінде ауыр сырқаттан көз жұмды. Ол 7 қазан күні 66 жасқа толар еді…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓