«Әруақ»
Облыстық қазақ драма театрында Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовпен кездесу өтті. Іс-шара басында А.Әшімовтің «Әруақ» фильмі көрсетілді. Сюжетте Ағатай есімді жалғыз басты қарт туралы баяндалады. Оның кемпірі қайтыс болған, екеуінен ұрпақ та өрбімеген. Ағайын-туысқандары да қалмаған. Қария өз ортасынан безіп, далаға барып тұруды көздейді. Әйтсе де ол балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек балаға кезігіп, бастапқы жоспарын бұзуға мәжбүр болады.
Картина идеясының авторы – Асанәлі Әшімовтің өзі. Түсірілім 2018 жылы жүргізілді. Сценарий авторлары – Қуат Ахметов пен Одильша Агишев.
Көрсетілімнен кейін А.Әшімов көрермендер мен журналистердің сұрағына жауап берді. Театр директоры Сабыралы Кемелбаев халық әртісіне алғысын білдіріп, шапан жапты.