Жаңарған мемориалдық тақта
Федоров ауданында ҰОС жылдары ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылған мемориалдық тақта қайта қалпына келтіріліп, салтанатты түрде ашылды.
Жаңарған мемориалдық тақтаның ашылуы аудан халқы үшін тарихи оқиғамен пара-пар құбылыс. Себебі, онда Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен 457 жауынгердің аты-жөні жазылған еді. Қайта қалпына келтіру жұмыстарынан соң олардың қатары он екі жауынгердің есімімен толығып отыр.
Маңызы зор шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Н.Садуақасов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин сөз сөйледі. Мемориалдық кешеннің алдына жиналған қауым майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алаудың алдына гүл шоқтарын қойды.
-Майдан шебінде қаза тапқан жерлес-жауынгерлердің қайталанбас ерліктері мен қаһармандық рухын ешкім ешқашан ұмытпайды. Себебі, ол біздің тарихымыз. Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін ұлықтауға арналған іс-шаралар мектептер мен жоғары оқу орындарында тұрақты түрде өтуі тиіс,-деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Сұрапыл жылдары Федоров ауданынан он мың азамат әскерге шақырылған. Соның бір жарым мыңы хабарсыз кетсе, алты жүзі жау қолынан қаза тапты.
– Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімінің қолдауымен өңіріміздегі қалалар мен аудандарда ескерткіш тақталар қайта қалпына келтірілуде. Облыс әкімі жаңғырту жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. Бұл мемориалдық тақта өткен тарихымыздың мәңгілік ескерткіші. Ел басынан талай қиын-қыстау заман өтті. Сол уақыттары ер азаматтар майданға аттанса, әйелдер мен балалар, жасы келген кәрілер тылда бел жазбай еңбек етті,-деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин.
Қымбат Досжанова