ТЕМІР ЖОЛ ТҮЙТКІЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Биыл астық ысырапсыз жиналып, дер кезінде қамбаға құйылды. Ендігі міндет – осынау мол ырыздықты ұқсатып сатып, ел игілігіне айналдыру. Қостанай астығының тең жартысы алыс-жақын шет елдерге саудаланады. Қазіргі нарықта өнімді сатып алушы тарапқа уағдаласқан мерзім ішінде жеткізіп беру де оңай шаруа емес. Қостанай астығы негізінен темір жол арқылы тасымалданады. Бұл салада жылда алдыдан көлденеңдеп шыға келетін күрмеулі мәселелер бар. Әдетте күзгі орақ науқанынан кейін астық тиейтін вагондар жетіспей, қолдағы өнімді жөнелту тіптен қиындап кетіп жатады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өткізген алқалы жиында осы мәселелердің алдын алу шаралары пысықталды. Жиынға «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының президенті Қанат Алпысбаев пен компанияға қарасты бірқатар қызмет басшылары арнайы келіп қатысты.
«Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – облыстағы астық пен ұн өнімдерін, өзге де азық-түлік тағамдарын экспортқа жөнелту. Біз жыл сайын 1 жарым млн. тонна астық, 1 млн. тоннаға жуық ұн экспорттаймыз. Былтыр қостанайлық дихандар мен көтерме тасымалдаумен айналысатын компанияларға «Қазақстан темір жолы» тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Соның арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік» – деді А.Мұхамбетов. Облыс әкімінің орынбасары С. Карплюктің айтуынша, өңірдегі экспорт тасымалының 80%-і астық пен ұнға тиесілі. Биыл қазан айында облыстағы 17 ірі диірмен кешені мен астық сақтау орындары астық және ұн тасымалдау үшін 3015 вагонға тапсырыс берген. Бүгінге дейін оның 2 265-і қолға тиген. Алайда астық тасымалдау тоқтап қалмау үшін әлі де 750 вагон жетпей тұр.
Жиын барысында экспорт тасымалымен айналысатын кәсіпорын басшылары «Қазақстан Темір жолы» сұранысқа сай қажетті вагондармен қамтымай отырғанын айтып, шағым білдірді. С. Карплюктен кейін «СПД ДЭН» серіктестігінің өкілі сөз алды. Оның айтуынша, серіктестік Қытай Халық Республикасымен 37 мың тонна бидай жеткізу туралы келісімге отырған. Келісім шарты бойынша өнім биыл 22 желтоқсанға дейін Қытайға толық жеткізілуі тиіс. Бидай тасымалын жүзеге асыру үшін 616 вагон қажет. Серіктестік бүгінге дейін 300 вагон алған. «Бұл вагондар жақын күндері бітеді. Келісім-шартты үзіп алмау үшін бізге тағы 300 вагон қажет» – деді компания өкілі. Жиын барысында бұдан өзге де бірнеше астық тасымалдаушы «Қазақстан темір жолы» басшысына тікелей шағым білдірді. Қанат Алпысбаев бұл шағымдар жуық арада оң шешім табатынын айтты.
Жиында, сонымен қатар, 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына көмір дайындау мәселесі талқыланды. Облыста жаңа жылу маусымы үшін 486,5 мың тонна көмір қоры дайындалған. Алайда оны аудандарға мен обылс қалаларына тасымалдайтын жүк вагондары жеткіліксіз. Қордаланған мәселелерді бірлесе отырып шешу мақсатында облыс әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» басшысы мен облыс әкімі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморнадумға қол қойды.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев