Сіз не дейсіз, жас маман?
Елбасының жыл сайынғы жолдаулары – еліміздің тәуелсіздігінің нығаюы, мемлекетіміздің нық іргетасын қалаудағы маңызды шаралардың бірі. Еліміз "тәй-тәй" басып, тәуелсіздік туын желбіреткеннен бастап Президентіміздің нұсқаған бағдары мемлекетімізді тек алға жетелеуде. « Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады» деп жасампаз елдің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қараған Елбасы бұл жолы да бізді назарынан тыс қалдырмады. Ұлттың кемел келешегіне, бүгінгі жас ұрпаққа артылар ең үлкен міндет – сананың түзу жолмен қалыптасуы мен білімділік, жан-жақтылық жасампаз елдің жастарына тән екендігін тағы да айтты. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек деп қадап айтқан елбасымыздың салиқалы саясаты қазақ елінің жастарын қашан да қияға жетелері хақ.
Қорыта айтқанда, әрбір жыл сайынғы Президент Жолдаулары Қазақстанның мемлекет ретінде қуатын арттыра түсетін басты мақсат-мұраттарға негізделіп жасалады. Олардың әрқайсысы өзіндік бір мақсаттарға бағытталып, белгілі бір жүйемен және оларды жүзеге асыру талаптарымен нақтылы құрылады.
Ұлт көшбасшысының осы жылғы халыққа Жолдауы тағы да ел игілігін арттыруға бағыт-бағдар сілтеді. Еркін елдің еңселене түсуін көздеген маңызды құжат менің толықтай көңілімнен шықты. Мемлекетіміздің мығымдығын қамсыздандырудағы міндеттер мен мақсаттардың қай-қайсысы да салмақты, өзекті, ардақты. Ел ертеңінің тізгінін ұстайтын жастарға ерекше ден қою дәстүрі биыл да Жолдаудан көңіл көншітерліктей көрініс тапты. Мәселен, оның: "Келесі жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынамын», – деуі көкейге медет ұялатады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бойскаут негізінде «Сарбаз» жасөспірімдер клубын құруды тапсырды. Осындай жарқын идеялардың барлығы дерлік үлкен мән-мағынаға ие. Ендігі жерде сол міндеттемелерді жұмыла жүзеге асыруға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Кемел келешектің есігін сонда ғана айқара аша аламыз деп ойлаймын.