Мұқтаж отбасыларға көмек берді
«Нұр Отан» партиясының «Баланы мектепке дайындайық!» акциясының аясында бір айдың ішінде облыстағы 50-ден астам балаға жалпы сомасы 1 млн теңгеге көмек берілген. Аталмыш акция шеңберінде облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещанов жағдайы төмен отбасылардың балаларына оқу-құралдарын алып берді.
Мәслихат хатшысы С.Ещанов партияның қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған еді. Қала тұрғыны Елена Колесник баласын мектепке дейінгі мекемеге орналастыру мәселесі бойынша арызданды. Алдағы ақпан айында, баласы 3 жасқа толуына байланысты өтініш иесінің декреттік демалыс мерзімі аяқталады екен. Қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде Е.Колесникке тұрғылықты мекенжайы бойынша №7 бала-бақшаға жолдама берілді. Сондай-ақ жалғыз басты ана Д.Көшекованың оқушы қызына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алып берді.
Арызданушылардың бірі, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Ж.Жақыпова да екі ұлын мектепке дайындауға көмек сұрады.
– Менің екі ұлым оқушы. Біреуі 9 және екіншісі 10-сыныпта оқиды. Алимент алмаймын, базарда сатушы болып жұмыс істеймін. Жеке басымда баспанам болмағандықтан, тұрғын үй кезегінде тұрмын. Жалдамалы пәтерде тұрамын, тапқан-таянғаным бәріне бірдей жетпейді. Басқа көмек сұрайтын жерім жоқ. Сондықтан, сізден киім, аяқ киім, оқу-құралдарын сатып алуға көмектесуіңізді сұраймын, – деді көпбалалы ана.
Мәслихат хатшысы аталған отбасыларға қол ұшын созып, көмегін берді. Оқушыларға сөмке, мектеп формасын және спорттық киім, аяқ киім, кеңсе тауарларын сыйға берді.