Жұмысты үйден шықпай іздеңіз!
Жыл сайын еліміздің еңбек нарығында 2 миллионнан астам қазақстандық алғаш рет жұмысқа орналасады не болмаса жұмыс орнын ауыстырады. Бұл ретте жұмыс іздеушілердің басым бөлігі жұмысты БАҚ пен Интернет арқылы дербес іздеп, түйіндемелерін орналастыру үшін қаржы шығындайды. Тіпті таныс-тамыр іздейтіндері де баршылық. Мұндай пікірді «Еңбек ресрустарын дамыту орталығы» АҚ-нң президенті Дәулет Арғандықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандықтардың барлығы бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Бұған қоса, жұмыс берушілердің барлығы да қажетті жұмысшыны таба алмайтыны бар. Бұл – ақпарат тапшылығынан орын алатын жайт. Аталған мәселені шешу үшін ағымдағы жылы Электронды еңбек биржасы іске қосылды. Бүгінде бұл ресурс бүкіл республика бойынша 61 мың жұмыс беруші мен 230 мың жұмыс іздеушінің басын қосып отыр. Осынау электронды алаңның арқасында 126 мыңнан астам адам жұмыс тапты. Электронды еңбек биржасындағы барлық ақпарат тегін, тәулік бойы және пайдаланушы қай жерде болмасын қолжетімді», – деді Дәулет Арғандықов.
Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай цифрлық алаң өз жұмысын бастаған.
Айта кетейік, «Электронды еңбек биржасы» порталы жұмыс берушілерге кадрларды таңдауға, ал жұмыс іздеушілерге жұмыс табуға көмектесу үшін құрылды. Порталда республиканың барлық аймақтарынан бос жұмыс орындары және түйіндемелердің бірегей базасы орналасқан. Қазірдің өзінде электрондық еңбек биржасында 45 жеке жұмыспен қамту агенттіктері, 4 газет пен 6 интернет-алаңдар тіркелген.