Kazakh Invest пен Қостанай облысы инвесторлар іздейді
Астанада Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев өңірдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды. Меморандумға сәйкес, Қостанай облысының әкімдігі шикізаттық базаның, жер ресурстарының, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу және тағы басқа критерийлерді ескере отырып, инвестициялар салуды талап ететін басты жобалар тізімін жасайды. Kazakh Invest өз кезегінде жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеумен және тартумен айналысады.
Тараптар инвесторлардың өтініштерін жылдам қарастыру, оларға қолдау көрсету және «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсету, инвестициялық жобаларға бірлескен мониторинг жүргізу және IRM (Investors Relationship Management) ақпараттық-мониторингілеу жүйесіне келіп түсетін инвесторлардың сұрақтарын шешу туралы келісімге келді.
Бұдан өзге, Астанадағы жұмыс кеңесі барысында шетелдік инвесторлар қатысатын жобалар туралы айтылды.
Осы уақытта Қостанай облысының инвестициялық жобалар тізімі жалпы сомасы 146,1 млрд теңге болатын 21 жобадан тұрады. Олардың 80% астамы – шетелдік инвестициялар.
«Біз 60-қа жуық жаңа инвесторларды анықтадық, енді аталған жобаларды орналастыру, жайғастыру үшін облыс әкімдіктерімен белсенді жұмысты бастаймыз», – деп атап өтті Kazakh Invest басшысы Сапарбек Тұяқбаев.
С. Тұяқбаевтың айтуынша, Қостанай облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған, Kazakh Invest барлық сұрақтар бойынша қолдау көрсетеді. Қазірдің өзінде өңірлік жобалар бойынша нақты шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізу туралы келісімдерге қол жеткізілген. Жыл басынан бері Kazakh Invest өкілдері инвестиция салу үшін неғұрлым тартымды 11 елдің ірі компанияларымен келіссөздер жүргізеді.
«Біз Қостанай облысы аумағында ірі зәкірлік жобаларды жүзеге асыру үшін Kazakh Invest-пен бірге ынтымақтаса жұмыс атқарамыз. Қазіргі таңда өңірде 400 га индустриалдық аймақтың құрылысы салынуда. Ең алғашқылардың бірі болып инвестициясының жалпы көлемі $1,1 млрд құрайтын СМС қытай компаниясы және «Аллюр компаниялар тобы» автомобиль кластерін дамыту бойынша жобасы орналасатын болады. Бұл туралы келісімге Елбасымыздың жуырдағы Қытайға сапары барысында қол жеткізілді», – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов. Айта кету керек, Қостанай облысының әкімдігі өңірдің инвестициялық жобалары мен аумақтары, сондай-ақ қолжетімді инфрақұрылымның және пайдалы қазбалар туралы ақпараттан тұратын интерактивті инвестициялық карта енгізді. Картадағы барлық ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сайтта қол жетімді. Өңірде қолдау көрсетуге және әлеуетті инвесторлардың өңірдегі проблемалық мәселелерін және жүйелік кедергілерді қарастыруға арналған Инвесторларды тарту бойынша кеңес қызмет атқарады.
Жуырда Қостанай облысында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Ірі жобалардың бірі, жалпы құны 81,4 млрд теңгені құрайтын дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеу бойынша ауыл шаруашылығы хабын құру болып табылады. Жобалық қуаттылығы 600 000 тонна бидайды (оның ішінде, 100 000 тонна ұн, 100 000 тонна глютен және 350 000 тонна кеспе өндіру), 120 000 тонна май өнімдерін өңдеуге, бір миллион тоннаға дейін қоспа жем өндіруге есептелген.
Сонымен қатар, Елбасының сапары аясында Қостанай облысындағы машина жасау саласын дамыту бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды. Мәселен, «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ, қытайлық China National Machinery Import and Export, Co компаниясы және «Бәйтерек» холдингі арасында Жол картасына қол қойылды. Аталмыш жоба шеңберінде инвестициялардың жалпы көлемі $1,1 млрд құрайтын толыққанды автомобиль кластерін (автобустар, жүк көліктері, электромобильдер) құру жоспарлануда.
Бұдан өзге, «Агромаш Холдинг KZ» АҚ және YTO (қытайлық трактор техникасының ең ірі өндірушісі) арасында Қазақстанда тракторларды құрастыру өндірісін ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұдан әрі жобаны іске асыру бойынша жол картасына қол қою жоспарлануда.