Жастарға жаңа жатақхана
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті студенттік жатақхананың құрылысын бастауға дайын. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен селекторлық отырыста айтылды. Қазіргі күні университетте 2155 студент күндізгі бөлімде оқиды. Оқу орнының Пушкин көшесі 133 мекенжайында орналасқан жатақханасы бар. Ол жерде 582 студент тұрады. Университет бұған қоса Пушкин 134 мекенжайындағы 130 орынға шақталған нысанды студенттер үшін жалға алып отыр. Яғни, барлығы 712 студентті (46%) жатақханамен қамтуда.
-Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Күндізгі оқу бөлімінде білім алатын бакалавриат мамандықтары бойынша студенттердің контингенті тұрақтала түсті. Студенттердің қатары жыл сайын 500-700 адаммен толығады. Жастарды жатақханамен қамту мақсатында 2018-2022 жылдары сыйымдылығы 400 орынды жатақхана кешенін салуды жоспарлаудамыз. Инженерлік инфрақұрылымдар тартылған жер участкесі дайын,-деді университет ректоры Еркін Әбіл.
Бүгінде нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жөнінде «Шебер» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Жатақхананың 90 орынға шақталған бірінші корпусын 2019 жылы пайдалануға беру жоспарланыпты. Студент жастардың жатақханадағы жағдайларын жақсарту туралы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Елбасының халыққа үндеуінде айтылған болатын. Мемлекет басшысының үндеуінде: «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек» делінген.
Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Игі бастаманың арқасында талай жастар жатақханамен қамтылатыны сөзсіз.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.