Сынаптың сынығы да зиян
Соңғы жылдары дамыған елдердің озық отыздығына ұмтылған мемлекетімізде қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарына көңіл бөліне бастады. Атап айтсақ, халық тұрмыстық қалдықтардың қаттысын, адам денсаулығына зияндысын бөлек, басқасын бір бөлек жинап, тастау үшін қолайлы жағдайлар жасалды…
Осы орайда, Рудныйдың тұрғын үйлер мен мекемелер көп шоғырланған аудандарында тоқ сары түсті контейнерлер пайда болды. Оған әзірге мән беріп жүрген адам некен-саяқ. Контейнерлер не үшін орнатылғанын түсіндіруге тырысқан жауапты мекемені де кездестірмедік. Тек сыртына, әр ұяшықтың қасына сызықтық люминесцентті шамдар мен сынапты термометрлер үшін деп жазылып қойыпты. Бүгінде қаламызда мұндай контейнерлер саны 25 екен.
Әлемдік тәжірибені алып қарасақ, дамыған елдердің көбісі тұрмыстық қалдықтарды табыс көзіне айналдырған. Бұл, бір жағынан, тазалықтың сақталуына септігін тигізсе, екінші жағынан, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, үшіншіден, әлеуметтік жауапты іс. Жалпы, қоқысты қайта өңдеу қоршаған ортаның ластығынан сақтайды, адам денсаулығына кері әсерін тигізбейді. Осыған байланысты орнатылған құрамында сынабы бар шамдар мен химиялық қорек көздеріне арналған әмбебап контейнерлер тынысымыздың тарылмауына септігін тигізбек. Себебі, сынабы бар шамдардан абай болған жөн. Сондай-ақ, химиялық қоспалары бар қоқыстар да қауіпті.
Мамандардың айтуына қарағанда, бөлмені жарықтандыруға арналған люминесценттік шамның құрамында 2-5 мг сынап болады екен. Оның булары иіссіз, ал адам оны көп мөлшерде ауамен жұтса, денсаулыққа зиянын тигізеді. Пайдаланылып болған шамдар залалсыздандыруға жіберілуі тиіс. Осы үшін де контейнерлер қойылған. Оларға пайдаланылған түрлі лампалардың жарамсыз бөлігі салынады. Тасталған бөлшектер майдаланылып, үгітіледі. Толып қалған жағдайда Рудный қалалық ТКШ бөлімінің шарт жасасқан арнайы мамандары келіп, бос контейнермен алмастыратын болады. Осылайша зиянды қоқыс Лисаков қаласы мен Затобол кентінің тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтілмек.
Әзірге жарамсыз шамдар мен қуат көздерін контейнерлерге тастап жатқан тұрғындар саусақпен санарлық. Маңызын түсінбегендік пе, әлде салғырттық па дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен уақыт өте рудныйлықтар жаңа бастаманы қолдап, тоқ сары жәшікті жиі толтырып тұрады деген сенім бар.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ