Техникалық жаңарту – даму кепілі
Былтыр «ССКӨБ» АҚ Темір жол көлігі басқармасының бірнеше ірі техникасы 700 миллион теңгенің күрделі жөндеуінен өтті. Бұл туралы аталмыш компанияның корпоративтік коммуникация қызметі хабарлады.
Алдымен жыл басында 2ТЭ10М және ТЖМ2 маркалы екі тепловоз КР-2 циклі бойынша күрделі жөндеуден өтті. Оған сәйкес техниканың иінді білік пен бұлғақты-піспекті тобы ауыстырылып, электр машиналар мен аппараттар, тарту қозғалтқыштары мен дөңгелек жұптары, отын, су, май жүйелері жөнделіп, іштен жану қозғалтқышының қуаты арта түсті.
Одан кейін кен тасымалында таптырмас ОПЭ-1А екі тарту агрегаты түбегейлі жаңартылды. Яғни кабельдік өнім, қосалқы машиналар, электр қозғалтқыштар толық ауыстырылып, барлық металл құрылымдар қалпына келтірілді. Атқарылған жұмыстардан кейін тарту агрегатының техникалық параметрлері зауыт конвейерінен шыққан жаңа нормативтерге жеткізілді.
– Биыл тарту агрегатын шағын жаңғыртудан өткізіп, ескірген КТ6 компрессорларын заманауиларына ауыстырамыз. Жаңа компрессорлық бұрамалы агрегат өнімділікті арттырады және машинистің еңбек жағдайын жақсартады. Бұл, өз кезегінде, компанияның тұрақты дамуына кепілдік береді, – дейді кәсіпорынның жөндеулер департаментінің бөлім басшысы Александр Гладышев.
Жоспар бойынша жақын арада бес тепловоз бен екі тарту агрегатында күрделі жөндеу жүргізіліп, техниканың қызмет ету мерзімі 5-12 жылға артпақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ