«Кейкі батыр ізімен»
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Нұр шаңырақ» қоғамдық қоры «Ұлы дала тұлғалары» атты ауқымды жобаны қолға алды. Жоба құны – 1 млн 200 мың. Аты аталған қор «Кейкі батыр ізімен» деп аталатын кезекті ғылыми-зерттеу экспедициясын бастады. Тарихи тағылымы мол шараның маңызы, қандай мақсатта іске асатындығы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды.Төл тарихымыздың төрінен ойып тұрып орын алар тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – кешегі ұлт-азаттық көтерілістің белді мүшесі Кейкі батыр. Бабамыздың бас сүйегі елге оралысымен, мемлекет көлемінде зор іс-шаралар қолға алына бастаған. Айтпақшы, облыстқа Венгриялық мамандардың келгенін өткен жолғы нөмірде жазғанбыз. Олар Тобыл-Торғай аймағында бірнеше ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. Осы тұста іргеде жатып, іркіліп қалу – азаматтығымызға сын, перзенттік парызымызға нұқсан келтіреді дейді экспедиция мүшелері.
«Нұр шаңырақ» қоғамдық қорының төрағасы Алмасбек Әбсадықтың айтуынша, экспедиция Жанкелдин және Амангелді аудандарына аттанады.
– Құрамымызда жиырмаға жуық адам бар. Олардың сегізі облыс орталығынан болса, қалғандары – сол аудандардың өлкетанушылары мен тарихшылары. Біздің ұран – «Қайта оралған рух». Негізінен тарихи жад деген жылдар өте ескіре береді. Әркім өздерінің білгендерін қосады. Өздеріңізге белгілі, тарихи деректер ауызша, «анау айтыпты» арқылы жетеді. Дегенмен, оқиғаның өзегі сақталады. Сол себепті, жергілікті тұрғындардың естіген-білгендерін жазып алу, деректер қорын ұлғайту – маңызды шаруа. Ауыл тұрғындары бізбен бірге ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары болған жерлерге барып, тарихи тұлғаларға тағзым етпек. Сапарымыз аяқталған соң жұртшылыққа шағын жинақ пен бейнежазба ұсынбақпыз, -деді ол.
«Кейкі батыр ізімен» экспедициясының мүшесі Қалқаман Жақып бес күнге созылатын сапарда бұрынырақта айтылмаған деректер табылуы мүмкін дейді.
Қасқырбай Қойшыманов
Сәттілік тілеймін. Павлодардан қандастарыңыз.