Балалар қайда барады?

Жыл он екі айдың тоғыз ай бойы мектепте білім алған оқушы балаларымыз үш ай жазғы демалысқа шығады.  Сол жазғы демалыс айларына да санаулы күндер қалды. Жаз айы басталғанда  оқушы балаларымыз жазғы демалыс күндерін қайда өткізеді? Рас, бүгінде әр ата-ана баласын демалуға шетелге, ауылға, жазғы демалыс лагеріне жіберетіндігін өзі шешеді. Дегенмен, тұрмысы жағынан аз қамтылған отбасы балалалары бар. Олар қайда барады?  Сондықтан да жергілікті билік тарапынан оқушы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы мен денсаулықтарын сауықтыруын ұйымдастыруы қай деңгейде деген сұрақ туындайды.  Міне, осы білім беру ұйымдарында және қала сыртындағы балалар лагерлерінің жағдайларында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссиясының кеңейтілген отырысы болып өтті. IMG_4706Бір айта кетер жайт, өткен жылы жоғарыдағы комиссия қала сыртындағы балалар лагерлерінің жағдайларында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша отырысты кешірек атап айтқанда, жазғы демалыс лагерлерінің  аусымы басталғанда болған-ды. Ол жиында   жазғы демалыс лагерьлеріне қатысты біршама кемшіліктер мен мәселелер айтылды.
Мысалы, жекеменшік «Светафор»  жазғы демалыс лагері санитарлық-эпидемиологиялық, төтенше жағдай секілді мекемелердің ресми  рұқсатынсыз  балаларды қабылдау жұмыстарын бастаған еді.
Облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаевтың төрағалығымен өткен осы отырысқа ІІД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінен бастап  әділет, қорғаныс істері департаментінің өкілдері, облыстық білім басқармасының, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты мәселелері жөніндегі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, туризм, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат басқармаларының, үкіметтік емес ұйымының жетекшілері мен мамандары қатысты.IMG_4719   Жиын аясында сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының жетекшісі Бәтима Даумованың айтуынша,  үстіміздегі жылы  балалар мен жасөспірімдердің қалыпты жағдайда демалып, денсаулықтарын түзеу үшін қала сыртындағы 14 жазғы демалыс лагері жұмыс істеп, 11000 бала қамтылатын болады. Мониторинг барысында анықталғанындай, жергілікті атқару органдары жазғы демалыс лагерьлерінің балаларды қабылдау жұмыстарының даярлығын, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, санитарлық тазалығын тексерді.
Рудный, Лисаков қалалары мен Денисов ауданына қарасты жазғы демалыс лагерьлерінің жағдайы бір қалыпты. Мәселен, Рудный қаласы әкімдігі жазғы демалыс лагерьлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында соңғы екі жыл ішінде бюджеттен 8 млн. теңге бөлді. «Чайка», «Орленок» демалыс лагерьлерінің бірінің терезелері, төбелері алмастырылса, екіншісінде  корпустардың сырты қапталды. Лагерьлерге ауызсу тасымалданып әкелінеді.  Әйтседе, жазғы демалыс лагерьлеріне қатысты проблемалар баршылық. Денисов ауданындағы «Солнечный» демалыс лагерьінің екінші жатын корпусына, асханаға, қазандыққа жөндеу жұмыстары қажет-ақ.  183,3 млн. теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаты дайын, оның мерзімі үстіміздегі жылы аяқталады. Лисаков қаласындағы «Алый парус» жазғы демалыс лагерьіне  жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарының құны 300 млн. теңге,  сметалық жобаның құжаты дайын, ол жоба 2018 жылы мемлекетік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады.IMG_4702    Бүгінгі таңда облыстағы «Мерей», «Строитель»(Арқалық қаласы) жекеменшік сауықтыру демалыс лагерьлері уақыт  талабына сай. Мысалы, «Мерей» жазғы демалыс лагерьі аусымда  650 бала қабылдайды.  Жазғы демалыс айларында шамамен 4,5 мың балаға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Лагерьде  тыныс органдарымен ауыратын балаларды қабылдау жағдайы жасалынып отыр, физиологиялық емдеу мен ингаляция(тамақ булау) жұмыс істейді. Мониторинг  жүргізу барысында анықталғаындай, Әулиекөл мен Карабалық аудандарындағы жазғы демалыс лагерьлерінің инфрақұрылымы мен материалдық техникалық базасы жарамсыз болып танылды. Атап айтқанда, Әулиекөлдегі «Достық»  жазғы лагерьіне 1963 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қарабалықтағы «Достық» жазғы лагері де осындай қалыпта.
-Сондықтан да  бұл жазғы демалыс лагерьлеріне апаттылық сипаты бойынша техникалық жағынан тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Әлі де болса облысымыздың 12 ауданында, 2 қалада балалардың демалатын жазғы демалыс лагерьлері жоқ.  Облыстағы  балалар үйлерінде тәрбиеленетін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалар, коррекциялық мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері  «Лесная сказка», «Алтын гүл», генерал Бәкіров атындағы демалыс лагерьлерінде демалады. Сонымен бірге облысымызда 12-ға жуық  тұрмысы жағынан аз қамтылған отбасы балалары бар, олардың денсаулықтарын сауықтыруға және демалуларына арналып аудандық-қалалық бюджеттен 64 млн. теңгеден астам қаржы бөлінбек,-деді облыстық білім басқармасының жетекшісі Б.Даумова.
    Балаларға арналған жазғы демалыс лагерьлерімен қатар түрлі бейіндік үйірмелер, палаталық лагерьлер, мектеп алаңдары жұмыс істейтін болады.
-Жазғы демалыс лагерьлерінің балаларды қабылдау аусымына дейін санитарлық-эпидемиологиялық, төтенше жағдай секілді мекемелердің ресми  рұқсаттарын алыңыздар. Өздеріңіз білесіздер, 5 жазғы демалыс лагерлерьіне ауызсу тасымалданылып әкелінеді. Сондықтан судың, асхана даярланатын тамақтың сапасына көңіл бөлу керек Күн сайын мониторинг жасау қажет. Қарасу ауданындағы балалардың демалысына, денсаулықтарының сауықтыру мәселесіне қалыпты жағдайда көңіл бөлініп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Осы ауданда  әскери-патриоттық, тарихи-өлкетану лагерлерьі мен  скаут қозғалысы жұмыс істейді, соны назарарыңызға алғандарыңыз дұрыс, Ең бастысы сол балалардың қауіпсіздігі мен денсаулық мәселесі назардан тыс қалмасын,-деді облыс әкімінің орынбасары М. Жүндібаев.
 
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ   

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓